ИДМ дебиторлық берешекті азайту бойынша бақылауды күшейтуге шақырды

26 Желтоқсан, 2017 12:09
Жылыту маусымының басында тұтынушылардың коммуналдық қызметтерге дебиторлық берешегі 14,5 млрд. теңгені құраған. Қазір бұл сома 11%-ға төмендеді. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жылыту маусымына қатысты Үкімет отырысында жасаған баяндамасында мәлімдеді.

«2017-2018 жылдардағы жылыту маусымы Қазақстан Республикасының барлық өңірінде тұрақты режимде жүріп жатыр. Министрлік жылу беру, сумен жабдықтау және су тарту желілеріндегі технологиялық ақауларды болдырмау мақсатында жылу беру маусымының барысын қадағалап отыр», - деді Ж.Қасымбек.

Жылу беру маусымы басталғалы бері халықтың тіршілігін қамтамасыз ету коммуналдық жүйелерінде 45 технологиялық ақау тіркелді.

«Оның ішінде: жылумен жабдықтау желілерінде – 11 (СҚО - 5, ШҚО – 1, Павлодар – 3,Алматы қ. – 1, Қарағанды – 1); сумен жабдықтау желілерінде – 34 (Астана қ. – 26, Қостанай – 3, Павлодар – 2, Қарағанды – 1, ШҚО – 1, Атырау - 1). Әкімшіліктер технологиялық ақауларды қысқа мерзімде жөндеді», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Осыған орай, министр өңір әкімшіліктері халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін бақылауды күшейтулері керектігін және жылыту кезеңінде болатын мереке күндері  жауапты тұлғалардың тәулік бойғы кезекшілігін ұйымдастырулары қажеттігін айтты.

Министрдің дерегі бойынша, жылыту маусымының басында тұтынушылардың коммуналдық қызметтерге дебиторлық берешегі 14,5 млрд. теңгені құраған. Қазір бұл сома 11%-ға төмендеді.  

«Бүгінгі таңда қарыз 12,9 млрд. теңгені құрайды. Яғни, 1,6 млрд. теңгеге төмендеді. Қарыздың ең көп мөлшері Астана мен Алматы қалаларында, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында сақталып отыр», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрі.

Биыл жылу беру маусымына дайындық 1-мамырдан басталды. Сол кезде 43,5 миллион тоннадан астам көмір тасымалданды. Бұл жоспардың 98 пайызын құрайды.

Тасымалдауды толық қамтамасыз ету үшін жазда көмір тасымалдау көлемін біркелкі таратуды қамтамасыз ететін тікелей ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалды.  Бұл сұраныстың көп кезеңінде вагон тапшылығын төмендетуге мүмкіндік берді. Ресей Федерациясының жеке операторларынан 7 мың және Грузин темір жолынан 314 шағын вагон тартылды.

Айта кетейік, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев отырыста  биылғы күз-қыс кезеңі штаттық режимде өтіп жатқанын айтты. Жалпы,  электр станцияларының  жанармай қоймаларында  4,3 млн тонна көмір мен 111 мың мазут бар.

Ақбота Күзекбай

Барлық жаңалықтар