ҚР-да 2017 жылға дейін 3 ірі мұнай өңдеу зауыты жаңғыртылады – Ұ.Қарабалин

16 Қаңтар, 2014 15:15
ҚР-да 2017 жылға дейін 3 ірі мұнай өңдеу зауыты жаңғыртылады, деп мәлімдеді бүгін Астанадағы KAZENERGY Кеңесі қауымдастығының 15-інші отырысында ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин.

«ҚР-да 2017 жылға дейін негізгі 3 ірі мұнай өңдеу зауыты жаңғыртылады. Сонымен қатар, әлемдік деңгейдегі мұнай-химия өнеркәсібінің инвестициялық жобасы іске асырылады. Қазіргі кезде әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарына ену жолында ұзақ мерзімді стратегияны іске асыру жұмыстары басталды. Тәуелсіздік жылдарында біз әлемнің ең үздік мұнай қорын иеленген 15 елінің, газ қоры жағынан алдыңғы 20-лыққа ендік», -деді министр.

Оның айтуынша, тәулігіне 1,6 млн баррель мұнай өндіріп, үш есеге дейін артса, жылына 40 млрд куб метр газ өндіріп, аталмыш өндірісті 5 есеге дейін арттырдық.

«Біздің алдын ала болжам бойынша, 2020 жылы Қазақстандағы мұнай өндірімі тәулігіне 2 млн баррельге дейін жетпек», - деді Ұ.Қарабалин.

Осыған орай, негізгі қорлар алпауыт кен орындары болып табылатын «Тенгиз», «Қарашығанақ», «Қашаған» болып қала бермек.

Айта кету керек, Кеңес Қауымдастығы кеңес беру-ақылдасу органы болып табылады, оның жұмысына отандық және шетелдік мұнай-газ және энергетика саласының басшылары қатысады.

 

 

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар