Марокко Королі Қазақстанмен қарым-қатынасқа жоғары баға берді

22 Желтоқсан, 2017 10:34
Мемлекет басшысының атына ұлттық мерекеміз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай хаттар мен жеделхаттар келіп түсті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтау жеделхаттар келіп түсті.

 «Соңғы жылдары ортақ мақсат пен мүдденің арқасында біздің екіжақты қарым-қатынасымыз жемісті дамып келе жатыр. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы өңірдегі ынтымақтастық пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі сенімді серіктес болып саналады», – деп атап көрсеткен Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани өзінің хатында.

Марокко Королі VI Мұхаммед жеделхатында өзара құрмет пен достыққа негізделген екі ел арасындағы қарым-қатынастарға жоғары баға беріп, оның әрі қарай табысты дами түсетініне сенім білдірді.

 «ЭКСПО-2017» көрмесінің Астана қаласында табысты өтуімен құттықтаймын. Бұл шара үкіметтеріміздің өкілдері мен білім саласындағы мамандарымыздың кездесулер өткізуіне мүмкіндік берді», – деп атап өткен Австралияның генерал-губернаторы Питер Косгроув өзінің жеделхатында.

Мемлекет басшысына және Қазақстан халқына өзінің құттықтауларын Швеция Королі Карл XVI Густав пен Бруней Сұлтаны Хаджи Хассанал Болкиях жолдап, бақ-береке тіледі, сондай-ақ еліміздің өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдірді.

 

Барлық жаңалықтар