Жамбыл облыстық прокуратурасы Құқық қорғау қызметтері орталығын ашты

19 Желтоқсан, 2017 16:12
Жамбыл облыстық прокуратурасы облыс әкімдігінің қолдауымен Құқық қорғау қызметтері орталығын ашты, деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасы.

Облыс прокуроры Ибрагим Иманов өз сөзінде еліміздің барлық өңірлерінде осындай Орталықтардың ашылуы Ұлт жоспарының 100-ші қадамын іске асыру барысындағы жасалған жұмыс екенін айтты.

Орталық заманауи инженерлік-техникалық қондырғылармен, электронды кезек жүйесімен, күту залы және т.б. қажетті инфрақұрылымдармен жабдықталған.

«Құқық қорғау қызметтері орталығы жұмысының басты қағидасы –азаматтарға «бір терезе» қағидасы бойынша сапалы, қолжетімді кең ауқымдағы тегін құқықтық қызмет көрсету», -  И.Иманов.

Аталған Орталықта тәжірибелі прокурорлар азаматтарға құқықтық көмек көрсетеді. Сонымен қатар азаматтардың өтініштерін жан-жақты әрі сапалы қарау бағытында прокурорлармен қатар адвокаттар, медиаторлар, пробация қызметі, полиция және әкімдіктің қызметкерлері тартылған.

 «Облыс прокуратурасына жыл сайын 11 000-нан аса арыз түседі. Көпшілігі біздің құзыретке жатпағандықтан, біз оларды басқа органдарға жолдаймыз. Енді бұл мәселе шешілді. Барлық органдар жиналып, халықтың сұрақтарын алқалы түде шешілетін болады. Егер сотта шешілетін сұрақ болса адвокаттар талап-арыз жазуға жәрдемдеседі, дау-дамайды сотқа дейін медиаторлар шешуге көмектеседі», - деді И.Иманов.

Қазір азаматтар өтініштерінің қаралу барысын біле алатын болады, сонымен қатар жаңа өтініш толтыру кезінде, сондай-ақ сотқа талап-арыз жазуда құқықтық көмек ала алады. Ал медиаторлар болса азаматтарға сотқа дейін мәселенің түйінін шешуге жәрдемдеседі.

Орталықтың негізгі міндеті - шағымдарды жедел шешу, азаматтардың құқық қорғау мен мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру, әкімшілік кедергілер мен бюрократияны жою болып табылады.

Сонымен қатар, Орталықтың мобильді қосымшасы облыс прокуратурасымен жасалынды. Енді кез-келген азамат үйінен шықпай-ақ, Орталықта кезек күтпей, мобильді қосымшаның көмегімен қабылдауға жазыла алады.

Барлық жаңалықтар