Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 300 пәтер пайдалануға берілді

15 Желтоқсан, 2017 17:12
Ақтөбе облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықтың басым көпшілігінің баспанаға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында үй құрылысын дамытуға бағытталған «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы тиімді жүзеге асырылып келеді, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 80 коттедж және 255 пәтерге арналған алты тұрғын үй пайдалануға берілді. Қоныс той иелеріне пәтер кілтін өңір басшысы Бердібек Сапарбаев табыс етті.

Облыс әкімі жаңа қоныс иелерін құттықтай отырып,  аймақта жыл соңына дейін кемінде 700 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланғанын атап өтті. 11 айдың қорытындысы бойынша қаржыландырудың барлық көздері есебінен 600 мың шаршы метрден астам баспана тапсырылған.

«Біздің облысымыз өзінің тұрғын үй құрылысындағы мүмкіндіктері мен әлеуетін «Нұр Ақтөбе» тұрғын массивінің құрылысы арқылы сеніммен көрсетіп отыр.  Бұған осы аз қабатты тұрғын үйлер - айқын дәлел. Жақын болашақта мұнда кем дегенде 100 мың адам тұратын болады. Мұнда ең жайлы жағдай жасалынады – коммуникациялар жүргізіліп, мектеп, мектепке дейінгі мекемелер, мәдениет және демалыс саябақтары, сауда, ойын-сауық нысандары салынады», -деп атап өтті облыс әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, «Нұр Ақтөбе» тұрғын массивінің 1 және 1 А шағын аудандарында жалпы ауданы 122 коттедж және 2500 пәтерлік 56 аз қабатты үйлер салынуда. Жылдың соңына дейін олардың ішінде 1200-ден астам пәтер пайдалануға беріледі.

 

Барлық жаңалықтар