• Басты
  • Үшінші жаңғыруға үлкен үміт артылған (ШОЛУ)
15 Желтоқсан, 2017 09:40

Үшінші жаңғыруға үлкен үміт артылған (ШОЛУ)

Жыл басындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталғаны мәлім. Осы Жолдауда мемлекет басшысы 5 негізгі басымдықты белгілеп берді. Олар: 1. экономиканы жедел түрде технологиялық жаңарту; 2. бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту; 3. Макроэкономикалық тұрақтылық; 4. Адами капиталдың сапасын арттыру; 5. институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты болды. Енді осы 5 мәселе бойынша жыл бойы қандай шаралар атқарылып, не істелді дегенге шолу жасап көрелік.
Үшінші жаңғыруға үлкен үміт артылған (ШОЛУ)

Ең бірінші кезекте бұл Жолдау ел Тәуелсіздігінің алғашқы ширек ғасырын қорытындылау және бұдан арғы дамудың алғашқы сатысы іспетті. Бірден айта кету керек, биыл еліміздің ішкі саяси реформаларында ғана емес, сыртқы саясатымызда да елеулі оқиғалар аз болған жоқ. Соның көш басындағысы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуы. Іле-шала ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмені өткізу шаралары қызу басталып кетті. Сөйтіп, тойдың болары ғана емес, өтіп жатқан кезі де аса қызу әрі қызықты болды. Әртүрлі деңгейде саяси, экономикалық, аймақтық кездесулер, Форумдар мен конференциялар ұйымдастырылды. Әлемнің мен деген саясаткерлері, экономистері мен ғалымдары Астанаға арнайы ат басын тіреп, болашақты қуаты не болмақ деген мәселе төңірегінде қызу пікірталастар тудырды.

Еуразияның кіндігі Арқаның төсі – Астананың нақ өзіне орналасқан халықаралық көрмеге әлемнің 115 елінен ресми делегаттар келді. 17 мемлекеттің президенттері мен үкіметбасшылары қатысты. Әлемнің 40-тан астам елінен 800-ге тарта журналист қатысып, Жер жаһанға қазақ топырағында болып жатқан ғажайып сәттерді үздіксіз таратумен болды. Оның сыртында, 400-ден астам отандық журналист осы шараның мейілінше кең әрі жан-жақты насихатталуына үлес қосты. 93 күнде Астанада осы ЭКСПО көрмесінің аясында 6000-нан астам әртүрлі іс-шара ұйымдастырылыпты. Көрменің ашылуында Елбасы адамзаттың дамуына, техник амен технологияның ілгерілеуіне осыдан 1 жарым ғасыр бұрын Лондонда өткен алғашқы көрменің үлкен серпін бергенін айтты. Кім біледі, кешегі Астанада өткен ЭКСПО-ға қойылған қандай да бір дүние немесе сондай айтыған идея енді біраз уақыттан кейін жүзеге асып жатуы да мүмкін ғой.

«Қазақстан орасан зор көмірсутек қорының бар екеніне қарамастан, жаңартылатын энергия көздеріне белсенді түрде көшетін болады. Осындай мақсат біздің «Стратегия-2050» бағдарламамызда және «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамамызда көрініс тапты. Қазақстан 2050 жылға қарай жаңартылатын көздердің есебінен электр энергетикасының жалпы көлемінің жартысын өндіре алатын болады. Сонымен бірге экономикада энергияның жұмсалуы да азаяды», – деді Президент Н.Назарбаев.

Міне, сол себепті де әлемнің айтулы мамандары, экономика мен энергетика саласында жүріп шаштары ағарып, көздері қарайған ғалымдар баламалы қуат көзін қайда аламыз, не істейміз? – деген мәселе төңірегінде ойласты.

Ал енді, биылғы Жолдау жүктеген негізгі 5 басымдықтың алғашқысы - экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы болатын. Бұл жерде бірден ойға оралатыны «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы. Президент жыл басында осындай тапсырма берді, іле-шала арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданды.

 «Цифрлық Қазақстан»  мемлекеттік бағдарламасын әзірлеген министрліктің мәліметтеріне қарағанда бұл бағдарлама жалпы жүйенің 5 бағытын қамтып отыр. Бірінші бағыт – экономиканың салаларын цифрландыру. Бұл кәдімгі осы күнге дейін, қарадүрсін әдіспен істеп келген салаларды цифрлық технологияларға алмастыру арқылы  қайта жаңғыртуды қарастырады. Екіншісі – цифрлық мемлекетке көшу.  Бұл бағыт мемлекеттің бизнес пен халыққа қызмет көрсететін инфрақұрылымдарын цифрлы жүйеге көшіру арқылы қызмет түрлерін арттырып, сапасын жақсарту деген сөз. Үшіншісі – мәліметтерді алу, сақтау және тарату инфрақұрылымын жоғары жылдамдықпен жүзеге асыратын цифрлық Жібек жолын құру. Төртінші бағыт – жаңашылдыққа көшу үшін адами капиталды дамыту, шығармашыл қоғамды қалыптастыру, бесінші – инновациялық экожүйе құру.

Ал енді осы 5 бағытты жүзеге асыру үшін 125 түрлі іс-шара өткізіп, шамамен 145 млрд теңгедей қаржы жұмсау керек екен. Жоба авторларының мәлімдеуінше, осы жоспарланған жұмыстар түгелдей жүзеге асса, араға біраз уақыт салып, жоғарыдағы шығын – 1,7-2 трлн теңге болып қайтады екен. Жалпы, ойластырылуы мүлтіксіз. Мәселе орындалуында…

Бұл бағдарлама тұрмыс-тіршіліктің, экономиканың, ауылшаруашылығы саласының, өндірістің, тау-кен өндірісінің, көлік-логистика жүйесін, электронды сауданы дамытуды, денсаулық саласы, ақпараттық-коммуникация және «ақылды» қалалар құру жүйесін түгелдей қамтымақ.

Жолдаудағы екінші басымдығы - бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Дәл қазіргі уақытта ел аумағында 1,2 млн. шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері жұмыс істеп жатыр. Олар биылғы 10 айда 8,7 трлн теңгенің өнімін шығарып, 3,2 млн адамды жұмыспен қамтыған. Алайда, әлі де болса шағын және орта кәсіпкерлік нысандары аздау. Елбасы Жолдауда 2050 жылға қарай ЖІІ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 50% кем болмауы керек деген міндеттеме артып отыр. Қазіргі уақытта, мемлекет тарапынан кәсіпкерлік үшін мейілінше қолайлы жағдай жасау қолға алынған.  Бұрын кәсіпкерлікті 114 мемлекеттік бақылау және 18 қадағалау саласы бойынша 17 мемлекеттік орган және оларға қарасты 32 мекеме бақылау-қадағалау жүргізетін болса, қазір бұл жағдай көп өзгерген.

 Мәселен, 1/ 114 бақылау саласынан 25-і, 18 қадағалаушының 3-уі алынып тасталды;

2/ Бұрын кәсіпкерге қойылатын 30 497 талаптың тура жартысы қысқартылып, 17 654-ке түсті;

3/ бірін бірі қайталайтын тексеруші, қадағалаушы органдардың саны қысқарды;

4/ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдағы болмашы кемшіліктерге бола әкімшілік жауапкершілікке тартатын 41 бап алынып тасталды;

5/ 25 түрлі тексеру ұйымдастыру мен өткізудің 5-уін міндетті емес, жалпы салаға ауыстырылды.

Міне, осы секілді мемлекет тарапынан қадамдар жасалған. Ал келесі жылы шағын және орта кәсіпкерлікті тексеру санын 30%, ал 2020 жылы тағы 10% кеміту көзделіп отыр. Бұл мемлекеттік саясаттың негізгі ұстанымы деуге толық негіз бар.

Жолдаудыға үшінші басымдық - макроэкономикалық тұрақтылық. Қаңтар-қараша айларының аралығында ІЖӨ өсімі былтырғы жылғы осы уақытпен салыстырғанда 3,9% өскен. Қысқа мерзімді экономикалық индикаторларға сүйенсек, негізгі 6 саланы атауға болады. Бұл өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік және байланыс. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 5,7%-ға артқан. Оған ел дамуына елеулі үлес қосып отырған негізгі екі мемлекеттік бағдарламаны атауға болады «Нұрлы Жол» және Индустриалды инновациялық даму бағдарламасы. Инвестициялар негізінен сауда, өндіріс, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларына тартылып отыр. Үкімет отырысында осы салаларда тұрақты өсім бары айтылды. Жалпы биылғы жыл аз да болса, тұрақты экономиканың өсімімен қорытындылануы мүмкін.

Жолдаудағы төртінші басымдық - адами капиталдың сапасын арттыру. Бұл тұрғыда Елбасы ең бірінші кезекке білім және оның сапасына қатты назар аударып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазір бала бақшалардан бастап, бастауыш сынып, орта білім беру жүйесі, арнайы орта білім беру және жоғары оқу орындары түгелдей жүйелі реформаға түсіп отыр. 12 жылдық білім беру жүйесі мектептерге енгізілді. Техникалық колледждер жұмысшы мамандықтарына тегін оқытуды бастады. Жоғары оқу орындарында тек гуманитарлық бағыттар емес, нақты ғылымға көбірек көңіл бөлінетін болды. Орта мектептердің өзінде ағылшын тіліне басымдық берілді. Сол үшін биыл республика бойынша 5 мыңнан астам мұғалім ағылшын тілінің арнайы курстарынан өтіп, А2 деңгейінде тіл меңгеріп шыққан.

1-ші шілдеден бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға республика халқы түгелдей жарна аудара бастаған болатын. МӘМС 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап енгізілуі тиіс еді. Алайда, Елбасы осы саладағы бірқатар әлі де болса пісіп-жетілмеген мәселелердің барын, шешілмеген түйіндердің барын біліп, күзде сала мамандары әлі де ойластыруға шақырған еді. Мемлекет басшысы осы сақтандыру жүйесіндегі «өзін өзі жұмыспен қамтыған» деген санаттағыларға түсінік берулерін талап еткен болатын. ОСы сыннан кейін, Денсаулық сақтау министрлігі бірсыпыра сараптамалық жиындар өткізе келіп, бұл мәселені кейінге ысыра тұруды жөн көріпті. Күні кеше ғана ҚР Парламентінің Мәжілісі «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» туралы заңға енгізілген өзгертулердің жобасын мақұлдады. Бұл құжат бойынша, МӘМС жүйесін енгізу мерзімі бұрын белгіленгеніндей 2018 емес, 2020 жылға дейін шегеріліпті.

Сондай ақ, биыл шілденің 1-інен бастап зейнетақы мөлшері 20% өсті. Ал келесі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, зейнетақыға көлемі тағы 8%, 6 % өседі, бұл тағайындалған зейнетақының санатына байланысты. Ал жалпы есептегенде, орташа зейнетақы көлемі 70 мың теңгенің үстінде болады.

«2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ынтымақты зейнетақы 8 пайызға өседі. Базалық зейнетақы, басқа да жәрдемақы түрлері 6 пайызға көбейеді. Осы арқылы, базалық зейнетақыны ескергендегі зейнетақының төменгі мөлшері келесі жылы 49 019 теңгені құрап, орташа дәрежесі 71 333 теңгені құрайды”, – дейді министр Тамара Дүйсенова.

Әлеуметтік салада бұдан да басқа жеңілдіктер мен жетістіктер бар. Мәселен, биыл шілдеден бастап бала тууға байланысты берілетін бір реттік әлеуметтік жәрдемақы көлемі де 20% артты.

Жолдаудың бесінші басымдығы - институционалдық өзгерістер, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күрес.

Жыл басынан ақ, Елбасы Конституциналдық реформалар жүргізіп, өзінің бірқатар өкілеттігін Үкімет пен Парламентке берді. Мемлекет басшысының өз бастамасымен бұрын Президентке тиесілі болып келген 40-қа жуық өкілеттілік Үкімет пен Парламентке таратылып берілді.

Қауіпсіздік саласында да арнайы бағдарламалар қабылданып, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес күшейтілді. Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың да «жемісін» жиі көріп жүрміз. Өкінішке қарай, парақорлардың шені жоғарылап бара жатыр.

Жалпы алғанда Елбасының Жолдауда жүктеген 5 басым бағыты бойынша да елде ауқымды жұмыстар атқарылған. Осы Жолдаудың негізінде бірсыпыра ұзақ және қысқа мерзімді бағдарламалар да қабылданды, бұрынғы бар мемлекеттік бағдарламалар жалғасып жатыр.

 

Дәулетхан ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ

Барлық жаңалықтар