• Басты
  • М.Манкеев: Стратегиясы жоқ ел хаос түрінде дамиды
14 Желтоқсан, 2017 17:02

М.Манкеев: Стратегиясы жоқ ел хаос түрінде дамиды

Бүгін «Қазақстан-2050» Стратегиясының жарияланғанына тура 5 жыл толып отыр. 2012 жылы 14 желтоқсанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті жолдауын арнап, онда «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталған негізгі құжатты жария етті. Құжаттың мақсаты 2050 жылы Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енгізу. Ол үшін жүйелі түрде 2050 жылға дейін 7 бағыт бойынша жүзеге асырылатын басымдықтар белгіленген болатын. Мемлекеттік органдарға нақты жүк артылғанымен, жалпы қоғамға осы құжаттың маңыздылығын түсіндіріп, әр азаматты осы іске жұмылдыратын жеке қоғамдық ұйым қажет болады. Сөйтіп, 2013-ші жылдың соңында Президент «Қазақстан-2050» деп аталатын Жалпыұлттық қозғалыс құруға тапсырма берді. 2014 жылдың басында Қозғалыс құрылды. Осы ұйым қазір қандай жұмыстар атқарып жатыр, кімдермен, қандай іс-шаралар өткізіп жүр, деген сауалымызды аталған Қозғалыстың төрағасы Мұхтар Манкеевке қойған едік. Жәй әңгімеден басталған еді, көлемді сұхбатқа айналды.
М.Манкеев: Стратегиясы жоқ ел хаос түрінде дамиды | Strategy2050.kz

-Сіз басқарып отырған Жалпыұлттық қозғалыстың атауының өзі «Қазақстан-2050» деп аталады. Неге бұлай аталды? Бұның өзге қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардан айырмашылығы неде?

-Бұл Президенттің өзінің тікелей бастамасымен құрылған қозғалыс. Өзі осылай «Қазақстан - 2050» деп атап та берген. Басты идея, басты мақсат – «Қазақстан – 2050» Стратегиясына» қоғамды тарту. Басты принципіміз - тек қана алға! Қазір байқап отырсаңыз бұл негізгі құжат негізінен мемлекеттік органдарда, квазимемлекеттік мекемелерде өздерінің жоспарларын, бюджеттерін тағы басқа іс-қимылдарын осы негізгі құжатқа сәйкестендіріп жасайды. Осы бағытта жүйелі жұмыс істеп жатыр. Ал енді қоғам ше? Қоғам жалпы Стратегияның мазмұнын біледі, басты мақсатын біледі, 30 дамыған елдің қатарына кіру керек деген межені біледі, бірақ, оның құралдары қандай, жолдары қандай оны біле бермейді. Міне, сондықтан да, осы олқылықты Елбасы көріп, олқылықтың орнын толтыру үшін осындай қозғалыс құруды тапсырды. 2013 жылдың желтоқсан айында Президент осындай тапсырма берді. 2014 жылдың қаңтар айында осы қозғалыс ресми түрде құрылды. Ондағы мақсат жалпы халықпен жұмыс істеу, елгі түсіндіру, елді осы жұмыстарды бірге атқаруға жұмылдыру. Біз 4 жылдан бері жұмыс істеп жатырмыз. ОСы уақыт аралығында 100-ге жуық жобаны жүзеге асырдық. Қазір біздің 14 мыңнан астам мүшеміз бар. Біз өзімізді жүйелі жұмыс істейтін қозғалыс ретінде көреміз. БАсты аудиториямыз әлеуметтік желідегі азаматтар, ол – оқушылар, жастар, студенттер.

Мысалы, осы 14 мың мүшеміздің басым бөлігі 25 пен 35 жас аралығындағы азаматтар екен. Ол нені білдіреді? Ол дегеніміз – қалыптасқан, өз жолын тапқан, отбасы мүшелері бар, кәсіп ашқан, өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген 10 жылдан астам тәжірибесі бар азаматтар. Бірақ, солармен бірге бізді басқа да жастар бар. Өйткені, бірінші кезекте Стратегия ол жастарға арналған, ол болашаққа арналған. Стратегияның бір бөлігі – рухани жаңғыру.

Сондықтан, біз қазір осы рухани жаңғыруға да көп көңіл бөліп жатырмыз. Мен өзім Президент жанынан құрылған Рухани жаңғыру Ұлттық комиссияның мүшесімін. Сондықтан, ол жерде айтылған идеялардың, көтерілген мәселелерді осы Қозғалыс арқылы жүзеге асырып жатырмыз. Ең бірінші бағыт – прагматизм. Келесі жылы біз «қазақстандық жаңа прагматизм моделі» деген үлкен жоба бастайық деп жатырмыз.

Біздің осы қоғаммен, елмен араласып, кездесу өткізулер барысында байқағанымыз, жалпы көпшілік прагматизм дегеннің не екенін біле бермейді екен. Оны көбіне көп ақшасы бар, бірақ соны жұмсамай үнемдеп ұстап отырса, соны прагматик көреді. Прагматизм деген ол ғана ма? Біз күнделікті тіршілікте көріп жатырмыз оны. Мысалы, өмір сүрудегі белгілі бір қағида, бала тәрбиесіне қалай көңіл бөлеміз, бос уақытымызды қалай өткіземіз т.б. деген сияқты. Міне осы сияқты әртүрлі әрекеттеріміздің өзін біріктіріп белгілі біл модель ретінде қарастырып отырмыз. Міне, Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығының қарсаңында отырмыз. Біз осы уақыт аралығында қазақстандық прагматизмнің моделі қандай деген сауалға жауап іздегіміз келеді. Прагматизмге қатысты біздің ірі-ірі 4 жобамыз бар. 

Екіншісі – бәсекеге қабілетті ұлт. Ол рухани жаңғыруда, осы біз айтып отырған Стратегияда көрсетілген. Бұған қатысты біз бірінші кезекте – Ұлттық инновациялық Олимпиада өткізбекпіз. Бізде әдетте қандай да бір жарыстар, конкурстар өткізеді де, оның қорытындысы шығады, жеңімпаздарды марапаттайды, сонымен бітті. Ал біз қалай өткіздік? Ал біз 6 ай бойы 200 үміткермен жұмыс істедік. 50 миналист болды. Ол 50-дің 20 іріктеуден өтті. Оларды Астанаға жинадық.

Біздің финалдың аты «Бастау». Сол іріктелген 20-ның 10-ына 1 жылдық менторлық сертификаттар бердік. Бұл 1 жыл бойы өздері таңдаған кәсіпкермен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жобаларын жүзеге асыра алады. Және сол менторлар жаңағы жастарға қосымша менторлық көмек, яғни қаржылай көмек бере алады. Енді осы 10 жобаның ішінен іріктеліп 1-2 стартап бизнес басталатын болса, бұның өзі нақты көмек. Яғни, жаңағы жаңағы айтып отырған бәсекеге қабілетті бизнес деген осыдан шығады.

Тағы бір бағыт – білімнің жаңа сапасын құру. Ол біздің мектептегі оқушыларымызбен жұмыс. Олар болашақта қандай мамандықты таңдайды, кім болғысы келеді деген мәселе. Бір қызық статистика бар, қазіргі 6 сыныпқа дейін оқып жатқан балалар мектеп бітіргенде, солардың 80% әлі ойлап табылмаған жұмыстың мамандары болады екен. Ол мамандықтар әлі жоқ. Ол болашақтың мамандықтары.

Одан кейін, ауылдағы түлектердің болашақ мамандығын дұрыс таңдауы үшін – зияткер ұрпақ деген бір жобаны қолға алдық. Ол жоба үш жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қазіргі ел алдында жүрген мықты азаматтармен кездесулер өткіземіз.

Осы уақытқа дейін Ерлан Қарин, Мұрат Әбенов, Әнуар Нұрпейісов бар сол сияқты көптеген азаматтар қатысып, өз ойларымен бөлісті. 300 мыңнан астам халықты қамтыдық, 100-ден астам жаңағыдай белгілі азаматтар бар. Біз оларды «халық мұғалімі» деп атаймыз. Одан кейінгі бір бағыт арнайы кәсіби колледждер мен жазғы лагерлер. Ол жерге көбіне сырттан келіп Қазақстанда жұмыс істеп жүрген шетелдік азаматтарды тарттық. Олар неге Қазақстанды таңдады, Қазақстан несімен тартады, деген сияқты өздерінің жағдайларын айтып береді.

-Сіз басқарып отырған Жалпыұлттық қозғалыстың мемлекеттік органдармен байланысы қандай?

-Біз мемлекеттік органдармен серіктестік ретінде өте тығыз жұмыс істейміз. Қоғаммен жұмыс істеп, байланыс орнатуымыз үшін, біз халықтың арасына шығуымыз керек. Мысалы, өңірлерге шыққанда сол аймақтың басшылығымен, әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс істемесек, күткен нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Сосын, оны есептеу де жергілікті билікпен өз іс-шарамыздың жоспарын сәйкестендіріп, бірлесіп жұмыс ітейміз.

Мысалы, жоғарыда айтқан жобаларды жүзеге асыру үшін Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп жұмыс істедік. Ооы министрлік арқылы әр мектепке осындай Олимпиада өтетінін, кейін өтіп жатқанын хабарладық. Сол сияқты өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істедік. Біз өзіміз мемлекеттік органдармен бірлесе отырып өз жобаларымызды жүзеге асырамыз әрі мемлекеттік органдарға сараптамалық топтан өткізіп тұрып қай жерде қандай мәселелер барын, қандай тетіктер барын зерттеп, қандай шараларды қалай атқару керек деген белгілі бір платформа құрып бердік

-Сіздер қоғамдық ұйымсыздар ғой, мемлекеттік органдар сіздердің нұсқаулықтарыңызды, кеңестеріңізді қаншалықты тыңдайды, қабылдайды?

-Соңғы жылдары министрліктер де қол жетімді болды, ашық қабылдайды. Нақты идеялар, ұсыныстар болса олар қабылдайды, өте жақсы дұрыс сөйлеседі. Біз соны түсіндік. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысты айтатын болсақ, «Нұрлы жол» бағдарламасын, «Бір белдеу, бір жол» жобасын да талқыладық. Сол талқылаулардан кейін мемлекеттік органдарға өзіміздің ойымызды, нұсқаулықтарымызды жазып бердік. Оның бәрін олар өте дұрыс қабылдап, кейбірін расында қолға алғандарына көзіміз жетті. Біз бұл жерде мемлекеттік органдарға көмекшіміз деуге болады. Халықтың арасындағы ойды жеткіземіз, нақты мәселелерін шешу жолдарын көрсетеміз.

Биыл атқарған жұмыстарыңыз қандай?

-Биыл біз үшін де өте жемісті жыл болды деуге толық негіз бар. Жалпы алғанда 22 жобаны жүзеге асырып, 2 миллонға жуық адамды қамтыппыз. Яғни, жаңадан тағы 2 млн адам Стратегияны жүзеге асыруға кірісті деген сөз.

Осы айтылған әңгімелерден түйгенім, «Қазақстан - 2050» Жалпыұлттық қозғалысы мемлекеттік органдар мен халықтың арасындағы алтын көпір болуы керек екен. Өйткені, елдің, халықтың мәселесін билікке жеткізесіздер, билікке нақты мәселелердің шешу жолдарын нұсқайсыздар дегендей.

-Қозғалыс осы алтын көпірге айнала алды ма, осы уақыт аралығында?

-Көпір болуы үшін оның екі бетінде де жол болады ғой. Арғы бетінде және бергі бетінде. Осы екі жолдың бергі бетін біз қазір құрып болдық. Енді қазір, екінші бетін құрып жатырмыз. Бірақ, шынын айту керек, осы біздің Қозғалыстан шыққан идеяларды, бастамаларды мемлекеттік органдар өте жақсы қолдайды. Өйткені, осы 4 жылда өзіміздің көзқарасымызды, аудиториямызды түсінді. Біздің жұмыстардың нәтиже бере бастағанын көрді. Ал билікке дәл сондай жобалар керек. Сондықтан да, олар бізді қолдайды, бізбен бірге жұмыс жасайды, кедергі жоқ.

-Міне, бүгін осы біз айтып отырған «Қазақстан - 2050» Стратегиясының жарияланғанына тура 5 жыл толып отыр. Осы 5 жылдық межені қалай қорытындыламақсыздар?

-Біз 5 жылдық қорытындыны үлкен бір қоғамдық кездесу ретінде өткізбекпіз. Сол қоғамдық кездесуге Үкімет мүшелерінің 2-3-уі қатысамыз деп бізге уәделерін беріп отыр. Әр министрлік, әр салады өздерінің осы 5 жылдыққа арналған қорытындысы бар. Олар әркім өзінше есеп береді. Ал біз, Үкімет мүшелері осы 5 жылда әр саланың не істегенін өздері келіп түсіндіріп берсін деген ұсыныспен шығып отырмыз. Солай істемекпіз. Бұйыртса, осы қаңтар айында өткіземіз. Оған тек Орталықтан ғана емес, аймақтардан да келіп қатысады, жалпы осы 7 бағыт кімдерге нақты қатысы бар, солардың бәрін тартпақпыз. Әркім өз көзқарасын білдірсін дейміз. Осы өткен бес жылға есеп бере отырып, алдағы 5 жылдың жоспарын жариялай кетсек деп отырмыз.

-Жалпы, осы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы» елдің экономикалық-әлеуметтік дамуына, ішкі-сыртқы байланыстардың жүйеленуіне қаншалықты ықпал ете алды деп ойлайсыз?

-Стратегиясы жоқ мемлекет – ол хаос ретінде дамиды деп ойлаймын. Ал шынымен даму жолына түскен елдердің бәрінің нақты Стратегиясы болады. Міне, Елбасы біздің де алдымызға 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясын қойып отыр. Соның ішінде нақты 7 бағытты көрсетіп берді. Енді біздің міндетіміз осы Стратегияда көрсетілген межеге жету үшін әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек. Егер бұл Стратегия болмаса, біз біржақты кетіп қалуымыз мүмкін. Тек цирлық немесе тек қана рухани жаңғыру деп. Ал мында осының бәрі қамтылған. Сондықтан бұл Стратегияның ел дамуындағы рөлі аса маңызды. Бұл мемлекеттік, әр азаматтың өзінің жеке дамуының Стратегиясы деп те қарауымыз керек.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет! Еңбегіңізге жеміс тілеймін!

 

Сұхбаттасқан Дәулетхан ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды