Маңғыстау облысында АӨК-ні субсидиялауға 1 млрд теңге бағытталады

14 Желтоқсан, 2017 14:56
Маңғыстау облысында АӨК-ні субсидиялауға 1 млрд теңге бағытталады.Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Шолпан Ілмұханбетова Маңғыстау облыстық мәслихатының кезекті 15-сессиясында мәлімдеді.

«Өңір  экономикасы дамуының маңызды бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау және жер қатынастары. Келесі жылға жоспарланған қаржы көлемі 3 млрд. тенге. Оның ішінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға  1 млрд.теңге және  қоршаған ортаны қорғау бойынша iс-шараларға 287 млн.теңге.  «Аруана» асыл тұқымды түйе сатып алу жобасын жалғастыруға 77 млн. теңге жоспарланып отыр», - деді

Ол айтқандай,   өңірде ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту ең өзекті мәселе екені белгілі.

«Сондықтан «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында жобаларды қаржыландыруға 4 млрд.  теңге көзделген. Оның ішінде  2,3 млрд. теңге республикалық бюджет трансферттері. Бұл қаражатқа келесі жылы 5 аудандағы 10-нан астам ауылды сумен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Жаңаөзен каласындағы су тазарту имаратының, «Қазба-Ақшымырау» және «Басқұдық-Бекі» магистралді су құбырлары құрылысын қаржыландыру да жоспарланған», - деді ол.

Бюджет заңнамасына енгізілген жаңа өзгерістердің ең маңыздысы - бюджеттің 4-ші деңгейінің енгізілуі. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап халық саны 2 мыңнан асатын елді мекендердің өз дербес бюджеті болады. Облыста дербес бюджет 30 ауылда және 1 қалада енгізілмек. Дербес бюджетке 11 кіріс пен 19 шығыс түрлері беріледі.

«Сонымен бірге, Премьер-Министр сапары аясында Маңғыстау облысының өзекті мәселелерінің Кешенді жоспары жасақталған болатын. Жоспарға жалпы құны 97 млрд. теңге болатын 67 жоба енгізіліп, орталық құзырлы органдармен келісілді.Жиында сөз алған аймақ басшысы Республикалық бюджеттен бөлінетін 97 млрд.теңгенің ауқымды қаражат екенін айтты», - деді ол.

«9 ай ішінде 1360 тапсырма бердім. Оның қазіргі таңда 460-сы орындалды. Халыққа қажетті әлеуметтік нысандар салынып, тұрғындардың қажеттілігіне орай ұсыныстар орындалды. Аталған соманы енді осындай маңызды жобаларды жүзеге асыруға қарастыру керек. Әсіресе, бізде дамуы тиіс ауылшаруашылығы саласына көңіл бөлу керек деп санаймын»,-деді Ш. Ілмұханбетова.

Сессияда депутаттар да өз ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, Жаңаөзенде қоғамдық көліктер санын артырып, облыста маршруттар бағытын көбейту керек. Әсіресе, «Ақтау-Бейнеу-Атырау» бағытына автобустарды жүргізуді жолға қою қажет. Сонымен бірге, аймақтағы маңызы бар тасжолдардың кешенді жобасын жасақтау керек.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов орынбасарлары мен басқарма басшыларына аталған ұсыныстарды мұқият қарап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Барлық жаңалықтар