• Басты
  • Болашақты басқарудың сыры – адами капитал-А.Нүкенов

Болашақты басқарудың сыры – адами капитал-А.Нүкенов

14 Желтоқсан, 2017 09:50
Болашақты басқарудың сыры – адами капитал,деді Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі,саяси ғылымдардың кандидаты Абзал Нүкенов.

«Биылғы Жолдаудың мән-маңызы ерекше. Ол болашаққа ұмтылудың басымды тұстарын айшықтауымен бірге қалыптасқан кейбір жайсыз ахуалды түзеуді көздейді. Мәселен, жаппай сандық технологияларға өту мен жемқорлықтың алдын алу немесе адами капитал сапасын жақсарту мен экстремизмге қарсы жұмыс жүргізу», - деді А.Нүкенов.

А.Нүкенов айтып өткендей, осы тұрғыдан алғанда, еліміздің арғы-бергі тарихына, оңды-солды жақтарына ғылым-білім тілімен ой жүгірту жөн.

«Тәуелсіздіктің арқасында біз жаһанның жаңалықтарымен тікелей беттесуге мүмкіндік алдық. Азаттық бізге өз болашағымызды өзіміз басқаруға жол ашты.Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде қалыптасқан жағдай көптеген елдердің қарқынды дамуына мүмкіндік берді. Қоғам және мемлекет істерін реттеуде батыстың бастамасы арқылы қалыптасқан жаңа жүйелер адамның тұрмысын жақсартып, өмір сапасын анағұрлым арттыруға жағдай жасады, сөйтіп адами өлшемдердің жаңа белестері бой көтерді. Белгілі бір жалпыәлемдік жаңа стандарттар пайда болды. Ол стандарттардың енуі мен орындалуын бақылайтын халықаралық ұйымдар құрылды», - деді А.Нүкенов.

Сондай-ақ, халықаралық саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған ережелер бекітіліп, тиісті құрылымдар іске қосылды. Гуманитарлық салада жаңа ұғымдар мен түсініктер орнықты.

«Осының барлығы адам өмірінің жаңа мәдениетінің қалыптасуына себеп болды. Орнаған экономикалық ахуал адам мүмкіндіктерін барынша ашуға қолайлы жағдайлар туғызды. Адам (тұлға) мен қоғамның құқықтарын қорғау күшейіп, мемлекеттің жауапкершілігі артты. Жаһанданудың лебі жақындап, орныққан жабық жүйелер дағдарысқа ұшырады. Бірқатар елдер өз тәуелсіздіктерін жариялады», - деді Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі.

Соңғы бірнеше онжылдықта адамзат баласы бұрын болмаған өсімді бастан өткеріп жатыр. Адамның өмір жасы ұзарып, жаңа әлеуметтік заңдылықтар қалыптасуда. Бүгінгінің бұл ерекшелігі адам тіршілігінің барлық саласына өз әсерін тигізуде.

Сонымен қатар,  өткен ғасырда жер бетіндегі адам саны төрт есе өсіп, ал орташа өмір жасының ұзақтығы екі есе артқан. Білімге, денсаулық сақтау жүйесіне, жалпы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік еселенген.

«Бүгінде кеңінен етек алған ғаламдық үрдіс – адамның өмір жасының ұзарып, ал туу көрсеткіштерінің төмендей түсуі салдарынан бірқатар ұлттардың қартая бастауы. Ол өз кезегінде әлеуметтік жүйеге қосымша салмақ салып, адамның экономиканың дамуына қатысуының жаңа жолдарын іздестіруге итермелеуде. Қазір көптеген елдер зейнет жасын ұлғайтып, сырттан арзан жұмыс күшін тарту мәселесін егжей-тегжейлі қарастыруда. Ал кедей елдерде, керісінше, орта жас мөлшері төмендеп, тұрғындар саны артып, жұмыссыздық пен әлеуметтік тұрақсыздық адамдарды қоныс аударуға мәжбүрлеуде», - деді А.Нүкенов.

Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының болжауынша, 2100 жылы жер шарында орташа есеппен 11,2 миллиардқа жуық адам өмір сүреді екен. Еуропа елдері халқының саны алдағы жылдарда кеми түспек. Ал көршіміз Ресейде адам саны 83 жылдан кейін 18,7%-ға азайып, 60 жастан асқан азаматтар саны бүгінгі 20%-дан 27,5%-ға дейін ұлғаймақ. «Жалпы, Азия аймағы адамдар санының өсуімен ерекшеленеді» - дейді ғалымдар.

Дей тұрғанмен, нағыз демографиялық дүмпу Африка елдерінде болмақ. Ғасырдың аяғына қарай бұл континенттегі тұрғындар саны  3-4 есеге көбейіп, 5,6 миллиардқа дейін жетуі мүмкін.

«Бүгінгі күні әлем тұрғындарының 46%-ы халық санының өсуін қамтамасыз ете алмайтын, туу көрсеткіші төмен елдерде тұрады. Бұл жалпы жер тұрғындарының қартаюына алып келеді.Қазақстанға келсек, тәуелсіздік жылдары адамның орташа өмір жасы ұзарып, 70-тен асып жығылды. БҰҰ-ың сарапшыларына сенсек, 2100 жылы бұл көрсеткіш 80 жасқа жетпек. Ал Қазақстан халқының саны, сарапшылардың пікірінше, 24,7 миллион болады. Әрине, бұл болжамдардың іске асуы немесе асып түсуі жүйелі жұмысқа байланысты екенін естен шығармаған жөн», - деді саяси ғылымдардың кандидаты Абзал Нүкенов.

Ол айтып өткендей,  шиеленістер мен түрлі әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты ауқымды көші-қон орын алған жағдайда қабылдаушы елдердің ішкі демографиялық, діни әрі мәдени картасы қаншалықты алашұбарлануы мүмкін екенін елестету қиын емес. Бұндай үрдіс өзімен бірге көптеген әлеуметтік, құқықтық және тағы да басқа қауіп-қатерлер алып келетінін тарихтан білеміз. Еуропаның бүгінгі көрінісі – осының айшықты дәлелі. Осы орайда кейбір ғалымдардың адамзат тарихындағы кезекті «ұлы көш басталды» деуі қисынды. Бұл бағыттағы болашақ үрдістер құрлықтың кіндігінде орналасқан Қазақстан үшін аса маңызды.

«Ғылым мен техника дамуының жаңа кезеңі адамзат алдынан бұрын-соңды болмаған, тіпті армандап көрмеген дүниелерге жол ашты. Науқастарды емдеудің, дерттің алдын алудың сан алуан жаңа түрлері ойлап табылуда, тіпті биороботты техника саласы көз алдымызда өрістеп, даму үстінде. Көлік-қатынас, байланыс пен коммуникация, бейне-фото түсірілім жүйелерінің революциялық шешімдері экономика, тәртіп сақтау, қорғаныс сияқты салалардың мүмкіндіктері аясын барынша кеңейте түсті. Азық-түлік мәселесін ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа шешімдер арқылы реттеу кеңінен қанат жаюда. Ғарыштық технологиялардың әлеуетін пайдалану, міне, Қазақстанда да қолданысқа ене бастады, бұл – ел дамуының мүлде басқа сапалы деңгейі. Ал смартфон, интернет және мобильді қосымшалардың бірігуі қоғамдық қатынастардың жаңа қырларын аша түсуде», - деді ол.

Осындай құрылғысы бар адам қазір жалғыз өзі бір теледидардың міндетін атқара алады. Бұл мүмкіндіктердің азаматтық қоғамның дамуына да тигізер әсері мол. Адам, қоғам және мемлекет арасындағы қалыптасқан ұғымдар мен қатынастардың осы арнада жаңа дүниелермен толығуы күн тәртібіне шығып отыр. Білім беру, түрлі қызмет көрсету, ақпарат жеткізу, тіпті уағыздау мен насихаттаудың өзі жаңашылдыққа толы.

Ғалымдардың пайымдауынша, осынау ауқымды өзгерістер бұдан да жедел қарқынмен жалғаса бермек. Осы өзгерістердің ерекшелігі – уақыттың жеделдеуі және адамның қатысуының азаюы. Мәселен, сандық технологиялардың дамуы мен интернеттің кең етек жаюы қала мен ауыл арасындағы ақпараттық алшақтықты айтарлықтай кеміткені біздің елде анық байқалады.

«Сонымен қатар, хат-хабар алмасудың дәстүрлі жүйелері қазір дағдарысқа түсіп, адамның атқарып келген көптеген қол жұмыстары қажетсіз болып қалуда, яғни, ол жұмыссыздық туғызуда. Жаңа зымыраған заман әкелген осындай және басқа да көптеген өзгерістердің оң-теріс салдарына біз дайын болуымыз керек», - деді түйіндеді А.Нүкенов. 

Ол айнып өткендей,  өлемдік үздік үлгі бойынша университеттер, дарынды балаларға арналған арнаулы мектептер ашу, жалпы мектептердің бүгінгі жабдықталуының жоғары деңгейі, озық технологияларды игерген емханалар мен ауруханаларды іске қосу, жастарымызды арнаулы бағдарлама арқылы шет елдердің ең үздік оқу орындарына жолдау сияқты, адам капиталын дамыту бойынша көптеген ауқымды істердің негізінде ұлтымыздың өз болашағын өзі басқара алатын қабілетін арттыру ниеті жатқаны анық.

«Әрине, кей мәселе жөнінде кешегі келеңсіздік пен еңселі ертеңгінің арасындағы тартыстың бүгін жүріп жатқанын естен шығармаған абзал. Алайда, барып орнығар орныңды алдын ала ойластырмай атқарған істің бәрі бекер», - деді түйіндеді А.Нүкенов. 

Барлық жаңалықтар