«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қаржының 96,9% игерілген

12 Желтоқсан, 2017 13:23
Бүгінде «Нұрлы жол» мембағдарламасы бойынша шараларға бөлінген қаржының 96,9% игерілген. Бұл туралы ҚР қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференцясында хабарлады.

Вице-министрдің айтуынша, барлық мемлекеттік бағдарламалар Қаржы министрлігінің жеке бақылауныда тұр.

«Қаржы министрлігі жүйеде онлайн-мониторинг жүргізеді. Әр бағдарлама бойынша, «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» болсын қаралады және апталық мониторинг жүргізіледі. Бұл ретте, «Нұрлы жол»  бойынша игеру 96,9% құрады. Біз бүгінгі таңда 99,9% игеруді болжап отырмыз. Ал, игерілмеген бөлік ол тек бюджет қаржысын үнемдеу болады. Осылай айтатын болсақ онда жүз пайызға қаржы игерілетін болады», - деп мәлімдеді Б. Шолпанқұлов.  

Сонымен қатар, Үкімет отырысында министр Б. Сұлтанов хабарлағандай, жергілікті бюджеттер мақсатты трансферттер мен несие ретінде 121 млрд теңге бөлді. Оның есепті кезеңде 114,4 млрд теңгесі немесе 94,6%-ы  игерілді.

«Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша орындалмау сомасы 6,6 млрд теңгені құрады, оның ішінде  0,3 млн теңге – бюджет қаржысын үнемдеу болса, 6,3 млрд теңге игерілмей қалған», - деп атап өтті Бақыт Сұлтанов. 

Естеріңізге сала кетейік, отырыс барысында Қаржы министрлігінің басшысы ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 4 065 аудиторлық тексеріс жүргізілгенін хабарлады. Бұл өткен жылдың сәйкесінше кезеңімен салыстырғана екі есе көп.

Ақбота Күзекбай

Барлық жаңалықтар