Базалық сала бойынша экономиканың өсімі 3,9%-ды құрады

12 Желтоқсан, 2017 10:45
Ағымдағы жылғы қаңтар-қарашада инвестициялық белсенділіктің жылдамдауы және инфляциялық процесстердің тұрақтануы, сондай-ақ барлық 6 базалық сала бойынша жағдайдың жақсаруының аясында экономиканың өсуі үште тоғыз процентті (3,9%) құрады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2016 жылмен салыстырғанда 2,8 есеге жылдамдап, 5,7 процентке өсті.Жылдың басынан бері жылдық инфляцияның деңгейі бекітілген аралықта (6-8%) болды және қарашаның қорытындысы бойынша 7,3 процентті құрады», - деді Т.Сүлейменов.

Министр айтып өткендей,  экономиканы әртараптандыру, Ауылөнеркәсіптік кешенді, кәсіпкерлікті және инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша бағдарламаларды іске асырудың нәтижесінде экономиканың барлық салаларында оң серпін байқалып отыр.

«Нақты секторда 6 базалық саланың ішінде ең жоғары өсу өнеркәсіпте 7,3% деңгейінде, көлікте - 4,8% және байланыста - 3,2% байқалып отыр.Кен өндіру өнеркәсібінде мұнай өндірудің  (10,9%-ға) және табиғи газдың (10,0%-ға) қос мәнді санға өсуі арқасында9,6%-ға өсу байқалып отыр», - деді министр.

Сондай-ақ,  өңдеу өнеркәсібіндегі өсу 5,2%-ды құрады. Фармацевтикалық өнімдер (өсу 42,1%-ға), жиһаз өндіру (9,8%-ға),  жеңіл (8,1%-ға) және металлургия өнеркәсіптері(6,0%-ға), мұнайды қайта өңдеу өнімдері(5,5%-ға), тамақ (4,3%-ға) және сусындар (4,1%-ға),сондай-ақ машина жасау (5,9%-ға) өңдеудің өсуін қамтамасыз еткен драйверлер болды.

«Ауыл шаруашылығында өсу а.ж. қаңтар-қыркүйектегі 1,9%-дан 11 айдың қорытындылары бойынша  2,3%-ға жылдамдады. Мал шаруашылығындағы өнім шығарылымының өсуі (3,6%) өсімдік шаруашылығындағы өсуден (1,4%) 2,6 есеге озық болып отыр», - деді Т.Сүлейменов.

Министр айтқандай, құрылыс саласының 2016 жылғы жоғары өсуінің аясында ағымдағы жылдың басынан бері әркелкі өсу байқалып отыр, ол биылғы жылғы  қаңтар-қарашада 0,3%-ды құрады.

«Экономиканың нақты секторындағы іскерлік белсенділік сабақтас салалар үшін сұраныс құра отырып қызмет көрсету саласының өсуін ынталандырды», - деді ол,

Ақбота Күзекбай

 

Барлық жаңалықтар