Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңға өзгерістер енгізіледі

11 Желтоқсан, 2017 17:49
Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң жобасы аясында 12 заң актісіне шамамен 50-ге жуық түзетулер мен толықтырулар енгізілмекші. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын бұл туралы кеңірек тоқталды.

Спикердің пікірінше, соңғы жылдары дін саласында әлемдік денгейдегі негативті үрдістер күшейе түскен. Сондай-ақ, елімізде қоғамның жағдайы мен оның діни саладағы сұраныстары өзгерген. Діншіл адамдардың үлесі артып, діни аудиторияға шетелден ықпал ету едәуір күшейген. Бұған ақпараттық кеңістіктің ашықтығы және жаһандану процестері әсер етуде. Осыған орай, діни ұйымдармен бірлесіп шешетін бірқатар қауіп-қатерлер пайда болды. Сондықтан, дамудың жаңа кезеңінде діни қатынастарды реттеудің құқықтық тетіктерін жетілдіру талап етілген.

Вице-министр Берік Арын заң актілеріне енгізілген өзгерістерді үш мазмұнға бөліп түсіндірді.

Енгізлетін өзгерістердің алғашқы бөлімі дінді деструктивті мақсаттарда пайдалануды болдырмауға бағытталған.  

«Атап айтқанда,  «деструктивті  діни ағым» және «діни радикализм» ұғымдарының заңнамалық тұрғыдағы  анықтамасы енгізілді. Заң жобасында қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тұмшалайтын  киім түрлерін киюге, деструктивті діни ағымдарға жататын киім түрлерін және сыртқы атрибуттарды қоғамдық орындарда қолдануға, киюге және таратуға, сондай-ақ, олардың идеологиясын таратуға тыйым салуды көздейтін бірқатар нормалар бар»,-дейді вице-министр.

Екінші бөлімде мемлекеттік органдардың қызметін реттеуге қатысты  нормалар қарастырылған. Бұл бойынша мемлекеттік қызметшілердің діни ұйымдардың қызметіне араласуына белгілі тыйымдар салынған. Сондай-ақ, діни ахуалды талдау мақсатында жергілікті атқарушы органдардың функциялары кеңейтілмек. Мемлекеттік органдардың бас бостандығынан айырылған адамдармен оңалту жұмыстарын жүргізу және осыған қатысты кейбір функциялар айқындалады. Бұдан басқа, заң жобасында тәртіп сақшыларының функцияларын кеңейту де көзделген.

Ал соңғы бөлімде діни бірлестіктердің жұмысын жеңіл әрі түсінікті етіп жасауға арналған түзетулер енгізілген.

«Мәселен, өңірлік діни бірлестіктерді тіркеуге қойылатын талаптарды жеңілдету сияқты шаралар қамтылған. Шетелде діни білім алу процесі реттеледі. Кәмелетке толмағандарды діни қызметке заңсыз қатыстырудан қорғауды күшейту енгізіледі.  Бұдан басқа, заң жобасында діни бірлестіктердің қаржылық қызметінің ашықтығын арттыру мақсатындағы нормалар ұсынылған»,- деп түсіндірді Берік Арын.

Қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң 2011 жылы қабылданған болатын. Ол мемлекет пен діни бірлестіктер арасында өзара міндеттер мен құқықтарды бекітті.

 

Есбол Социалхан

 

Барлық жаңалықтар