• Басты
  • Жаңалықтар
  • Г.Әбдіқалықова: «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде 34,3 млрд теңге мөлшеріндегі заң бұзу фактілері анықталды

Г.Әбдіқалықова: «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде 34,3 млрд теңге мөлшеріндегі заң бұзу фактілері анықталды

5 Желтоқсан, 2017 16:51
ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Жиында «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаражатты пайдаланудың жариялылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету бағытындағы  шаралар талқыланды.

Инвестициялар және даму министрлігінің, Бас прокуратураның, Республикалық бюджеттің орындалуына бақылау жөніндегі есеп комитетінің  баяндамалары тыңдалды.

Отырысты ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Н.Назарбаевтың  «Егер сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаса, ешкімге де жеңілдік жасалмайды және ешкім жазадан құтылмайды» деген сөзін атап өтті.

«Нұрлы жол»  бағдарламасы ел  экономикасындағы қрылымдық реформаларды жалғастыруға, транзиттік  әлеуетті  дамытуға  және көлік  инфрақұрылымын халықаралық жүйеге интеграциялауға  бағытталған.

«Орталыққа да, сондай-ақ жергілікті жерлерде де оның  уақытылы және тиімді орындалуын қамтамасыз ету маңызды. Алайда, бүгінгі таңда бұл бағытта  қабылданып жатқан шаралар жеткіліксіз  болып отыр.Мәселен, бағдарламаның орындалуы барысында мемлекеттік аудит органдары бюджет қаржысын игерудің  заңдылығына  қаржылық бақылау  кезінде  34,3 млрд теңге  мөлшеріндегі заң  бұзу фактілерін анықтады», - деді Г. Әбдіқалықова.  

Агроөнеркәсіп саласындағы прокурорлық тексерістер арқылы жалпы құны 15 млрд теңге болатын  3,5 мың заң бұзу жайттары анықталды. Заңсыз 2,6 млрд теңге субсидия төлеудің  жолы кесілді.

«Сыбайлас жемқорлыққа  қарсы қызмет 2015  жылдан бастап ақшалай қаражатты талан-таражға салу  және мақсатсыз пайдалану фактілері  бойынша миллиардтаған  залал келтірген  27 қылмыстық істі қозғауға бастамашы болды», - деді Мемхатшы.

Комиссия талқылау қорытындысы бойынша өкілетті органдар мен квазимемлекеттік  сектор субъектілеріне анықталған заң  бұзушылықтарды талдау және алдағы уақытта ондайға жол бермеу үшін әрекет ету тетіктерін әзірлей отырып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Ақбота Күзекбай

 

Барлық жаңалықтар