Астанада зағип балаларға арналған кітаптар таныстырылды

4 Желтоқсан, 2017 17:57
Көру қабілеті төмен балаларға арналған арнайы тактильді кітаптар «Ашық әлем» Жастар еріктілер үйі» ҚҚ мен «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының бірігіп жүзеге асырып жатқан «Ерекше балаларға арналған ерекше кітаптар» жобасының аясында басып шығарылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы таныстырылым өтті.

Елімізде қазіргі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігі арқылы зағип балаларға арналған Брайль қаріпімен терілген оқулықтар және көру қабілеті төмен балаларға арналған ірі қаріпті оқулықтар мен ОӘК қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

««Samruk-Kazyna Trust» қорымен бірлесе отырып жүзеге асырылып жатқан «Ерекше балаларға арналған ерекше кітаптар» жобасының аясында қазір көру қабілеті төмен және зағип балаларға арналған тактильді оқулықтар дайындалды», - деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі Айгерім Күдеринова .

Оның айтуынша, 2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, көру қабілеті төмен балаларға (Брайль бойынша) және ақыл-ойында ауытқушылығы бар балаларға арналған оқулықтар әзірлеу қарастырылған.

Дайындалған кітаптардың басты мақсаты – көзі нашар көретін балаларға қоршаған ортаны танып, білуінде көмек көрсету. «Samruk-Kazyna Trust» қоры Қазақстандағы барлық 100 түзету мектебін тиісті құралдармен жабдықтауды мақсат еткен. Жаңа құрал-жабдықтар Қазақстанның 7 обылысының 85 мектебіне жіберілген. 2017жылдың соңына дейін  Қор есту және көруінде кемшілігі бар балаларға арналған түзету мектептерінің барлығын дидактикалық және сенсорлық құралдармен қамтамасыз етпекші. Қазірге жалпы 250 кітап басып шығарылған.

Тактильді оқулықтар ұсақ моториканы дамытып, баланы қызықты ойын арқылы білім алуға жетелейтін инновациялық білім беру формасын негіз етіп жасалған.

 

Есбол Социалхан

 

Барлық жаңалықтар