Жол картасы қырғыз-қазақ қатынасындағы түйткілді мәселелерді шешпек

4 Желтоқсан, 2017 17:46
Қазақ-қырғыз ынтымақтастығына арналған жол картасына қол қойылды. Екі тарап арасында ынтымақтастық пен сауданың жаңа кезеңі басталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте саяси және экономикалық сарапшылар баяндады.

 «2 желтоқсанда Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері шекарадағы жағдайды реттеу жөніндегі «жол картасына» қол қойған. «Жол картасында» шекаралық, көлік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау, кедендік және салық салалары тәрізді екі жақты әріптестіктің өзекті мәселелерін кешенді түрде шешуді көздейтін 50 шара қамтылады. Соның ішінде жедел сипаттағы 16 шара, сонымен бірге бес қысқа мерзімді және 29 жүйелі шара енгізілген», - деді ҚР ҰЭМ «Сауда саясатын  дамыту орталығы» АҚ  Бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров.

Жол картасы шеңберінде екі елдің кедендік және салықтық әкімшіліктері бойынша ақпараттар алмасылып, кедендік санитарлық бақылау бірлесе жүргізіледі. ЕАЭО көлемінде қамтылған ортақ талаптар қадағаланады. Талаптар күшейтіліп, екі жақты бақылау арқылы еркін тауар айналымы жүргізілмек.

«Жол картасының негізгі көздеген мақсаты, екі жақты тауар айналымындағы әкімшілік органдардың байланысын нығайту. Соның ішіндегі ең басты мәселе, Қазақстанға экспортталатын Қырғызстан тауарларының сапасын қадағалау. Осы жол картасының аясында екі тарап сертификациялаудың ортақ бір жүйесін тапты. Келісімдерге қол қойды. Егер бұл келісім өз деңгейінде орындалса, біз де келіп түсетін тауарлардың сапасынан алаңдамаймыз. Екі жақты сауда-саттықтың күшейе түсуіне мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде екі жақтың да қазынасына пайдалы. Бұл жол картасы екі тараптағы көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Ал бұл мәселелер бүгін ғана пайда болған жоқ, біраз жылдардан бері қордаланып, ұлғайған мәселелер болатын. ЕАЭО-қа мүше болғаннан бері, Қазақ-қырғыз шекарасындағы аталған мәселелер туындап келе жатқанын біздің тарап жиы айтып келеді. Қытайдан келетін экспорт мәселесін шешу, экспорт тауарының сапасын қамтамасыз ету деген секілді мәселелер бұрын да айтылған. Осы мәселелердің бәрін шешуге, ең бастысы, Қырғызстан тарапынан саяси жігер пайда болып отыр. Ал жол картасы осы мәселелердің шешілуіне мол мүмкіндік береді»,- деді ҚР Тұңғыш Президенті- Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) жетекші сарапшысы Жұмабек САРАБЕКОВ

Тек бақылаудан өткен кәсіпорындар ғана өз тауарларын ЕАЭО көлеміне кіргізе алады және бақылау Қазақстан және Қырғызстан тарапымен ғана емес, аталған ұйым комиссиясының қатысуымен жүргізілетін болады.

 

Есбол Социалхан

Барлық жаңалықтар