БҚО-да ауыл әкіміне кандидаттарды ұсыну науқаны аяқталды

6 Тамыз, 2013 00:00
Батыс Қазақстан облысында ауылдық округ әкімдері сайлауына кандидаттар ұсыну науқаны аяқталды. 149 ауылдық округ, 2 елді мекен және бір аудандық маңыздағы қала бойынша 473 кандидат ұсынылды. Әрбір орынға 3-4 кандидаттан келеді.

Облыстық сайлау комиссиясының хабарлауынша, ауыл әкімдері сайлауына кандидаттарды аудан әкімдері балама негізде ұсынған. Алдымен жергілікті халықпен кеңестер өткізіліп, кандидаттар тұрғындарға таныстырылды.

«Ауыл әкіміне кандидаттардың басым бөлігі ер адамдар (80%), орташа жасы - 41. Барлық үміткердің жоғары білімі бар. Олардың көбісі білім беру жүйесінде (35%), ауыл шаруашылығы (31%) мен экономика саласында (11%) жұмыс істейді. Кандидаттардың үштен бірі - ауылдық округтердің қазіргі әкімдері. 80%-ы «Нұр Отан» ХДП мүшесі болып табылады. 40%-дан астам кандидат мемлекеттік ұйымдардың қызметкері», - деп хабарлады облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абай Хамзин.

Қазіргі таңда ауыл әкіміне кандидаттарды тіркеу жүруде. Ол сайлауға 15 күн қалғанда аяқталады. Батыс Қазақстан облысы бойынша сайлау екі күнде - 7 және 9 тамызда өтеді.

Барлық жаңалықтар