• Басты
  • Жаңалықтар
  • Павлодар облысының әкімдік құрылымы мен 2014 жылдың бюджетіне өзгерістер енді

Павлодар облысының әкімдік құрылымы мен 2014 жылдың бюджетіне өзгерістер енді

15 Қаңтар, 2014 10:09
Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың төрағалық етуімен селектор режімінде аппараттық кеңес болып өтті. Кеңесте жұма күні өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаралған қорытындылар мен одан әрі іс-әрекет алгоритмі мәселелері талқыланды, деп облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Облыс әкімінің орынбасарлары міндеттеріне де өзгерістер енгізілді, сәйкесінше олар басқаратын облыс басқармаларына да өзгерістер енді», - делінген хабарламада.

Облыс бюджетіне өзгерістер енгізуге қатысты аймақ басшысы Павлодар облысының қалалары мен аудандары әкімдеріне бюджетті қайта қарау, аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсуіне септігін тигізбейтін тиімсіз шығыстарды оңтайландыру туралы тапсырма берді.

«Босатылған бюджеттік қаражаттарды, бірінші кезекте, басымдыққа ие мәселелер - облыс тұрғындарының мүддесіне қатысты мәселелерді шешуге қайта жұмсаңыздар. Негізгі тірек инфрақұрылымды дамытуға – сапалы ауыз су мен жолдарға, сондай-ақ денсаулық сақтау мен білімді дамытуға жасалсын»,- деді облыс басшысы.

Облыс әкімінің назарынан бюджеттің игерілмеу мәселесі де тыс қалмады.

Өткен жыл бюджетін игеру қорытындысы 98,4% құрап отыр. Игерілмей қалған қаражат – 2 миллиард 318 миллион 500 мың теңге. Қалалар мен аудандар әкімдері орта есеппен бюджеттің 99% игерген. Павлодар қаласының әкімдігі 97,9%-ды игерді, игерілмегені – 782 миллион 600 мың теңге. Бюджеттік бағдарламалардың облыстық әкімшілері бюджеттің 98,8% игерген. Ең төменгі көрсеткіш облыстың құрылыс басқармасында – 94,8%.

«Енді бюджеттік жоспарлау қатаң жүргізілетін болады, - деді мәжіліске қатысып отырғандарға облыс әкімі.

 

 

 

Барлық жаңалықтар