• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ақтөбеде қоғамдық көліктерде электронды билетпен төлеуді енгізу жоспарлануда

Ақтөбеде қоғамдық көліктерде электронды билетпен төлеуді енгізу жоспарлануда

17 Қараша, 2017 09:51
Ақтөбеде қоғамдық көліктерде электронды билетпен төлеуді енгізу жоспарлануда.Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімі Ілияс Испанов мәлімдеді.

Ол электронды билетпен төлеуді енгізу жолаушылардың нақты легін анықтап, қаржының көлеңкелі айналымын жоюға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ілияс Испанов сондай-ақ, жергілікті тасымалдаушы компаниялар өтініп отырған қоғамдық көліктегі жол жүру бағасын көбейту мәселесін де қозғады.

«Қалалық экономика бөлімі аталмыш сұрақты зерттеп жатыр. Біздегі мәліметтер бойынша тарифті өсіруге негіз жоқ»,-деді  І. Испанов.

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы 52 автобус бағытына «Автопарк» ЖШС және «Ақтөбе қаласының жолаушылар автокөлігі кәсіпорны» ЖШС тасымалдаушыларының үлкен, орташа және кішкене сыйымдылықтағы 465 автобусы жұмылдырылған. Шығу кестесінің, қозғалыс ара қашықтығының сақталуын, жолаушылар легін бақылау мақсатында «Жолаушылар тасымалын басқару орталығы» жұмыс жасайды, барлық тасымалдаушылардың автобустары мен шағын автобустарында GPS – трекерлер орнатылған.

«Қаланың қарқынды дамып келе жатқанын және жолаушылар легінің көбейгенін ескерсек қалалық бағыттағы автобустар саны жеткіліксіз. Келесі жылы 80 жаңа автобус сатып алу жоспарда бар. Біз негізгі тасымалдаушылардың бірі - «Автопарк» ЖШС де өзінің осыған байланысты тендерлік міндеттерін орындайтынына үміттенеміз»,-деп атап өтті қала әкімі.

 

Барлық жаңалықтар