Жаңақала ауданының кірістер жоспары 105 пайызға орындалды

8 Қараша, 2017 18:14
БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті брифингке Жаңақала ауданының әкімі Н.Қарағойшин қатысып, өзі басқаратын өңірдің әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігі туралы толық ақпарат берді.

Оның айтуынша, 2017 жылының 1 қазанындағы мәлімет бойынша Жаңақала ауданының бюджетіне 3 млрд. 383 млн 510,1 мың теңге көлемінде салықтар мен түсімдер, 2 млрд. 761 млн. 515,0 мың теңге мөлшерінде субвенциялар мен трансферттер түскен. Аудандық бюджеттің 9 айдағы кірістер жоспары 105 пайызға орындалып отыр. 

Облыс әкімдігі  хабарлағандай,  күні бүгін ауданда 84 заңды және 1096 жеке тұлға жұмыс істейді (1626 адам). 2017 жылдың 1 қазанына кәсіпкерлік субъектілері 3 млрд. 682,4 млн. теңгенің, өндірістік цехтар 74 млн. 491,0 мың теңгенің өнімін өндірді. 

Аудан көлемінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту нәтижесінде аз қамтылған отбасылар саны азайып келеді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 106 адам 403,7 млн. теңге несие алса, басқа қорлардан 80 адам 692,0 млн. теңге несие алды. 

Барлық меншік түрін қосып есептегенде 2017 жылдың 1 қазанына аудан бойынша 52097 бас ірі қара, 201675 бас қой–ешкі, 21132 бас жылқы, 912 бас түйе есепте тұр. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын 29 шаруашылық тіркелген. 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар