Ж. Қасымбек: Әлемдік деңгейдегі 15 кен орнының ашылуы жоспарлануда

8 Қараша, 2017 11:24
ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңы жер қойнауын пайдалану саласының ашықтығын халықаралық стандарттар жүйесін енгізу арқылы қолдануды қарастырып отыр, деді инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Парламент Мәжілісінде жобаны таныстыру барысында.

Министрдің айтуынша, Кодекс аясында  ең үздік әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, барлық пайдалы қазбалар үшін келісімшарт жасасуды оңтайландырылған тәсілі енгізіледі. Кодекс жобасы  жер қойнауын пайдаланудағы кедергілерді жоюға бағытталған.

«Бүгінде Қазақстан  104 елдің ішінде геология саласын мемлекеттік реттеу бойынша 74-ші орында тұр. Ал, жер қойнауының геологиялық тартымдылығы жағынан 45-ші орында тұр. Бұл Кодекс жобасын әзірлеу барысында австралиялық заң моделін үлгі ретінде алдық. Мұндай шешім бір жарым жылдық зерттеу жұмыстары мен Дүниежүзілік банк ұсынысы нәтижесінде қабылданды. Әлем бойынша Австралияның тәжірибесі үздік деп саналады», - деді ИДМ басшысы.

Жеңіс Қасымбек атап өткендей, үздік әдістерді енгізу Қазақстанды әлемдік геологиялық барлау нарығына алып шығады.

«Айта кететіні, австралиялық тәжірибе Перу, Канада, Чилиде кеңінен тараған. Бұл елдер жер қойнауы саласындағы ең тартымды инвестицияларға ие. Мәселен, Канада қор биржасының капитализациясы  58 млрд долларды құрайды.  Австралияда әлемнің ірі кен өндіру компаниялары  жұмыс істейді.  «Майнинг» саласындағы  компаниялар саны  15  мыңға жетті, 23,5 мың рұқсат беріліп, барлау жұмыстары ел  аймағының  27 пайызын қамтыды», - деді ол.

Министр айтып өткендей, Қазақстанда тек қана  600 келісім шарт түзілген.

«Бұл жаңа кен орындарының ашылуы мен  іргелес өндірісті дамыту деген сөз.Маккэнзидегі кеңесшілер есебінің тұжырымына қарағанда, жаппай геологиялық барлау тетігі іске қосылған жағдайда, Қазақстанда әлемдік деңгейдегі кем дегенде 15 кен орнын, сондай-ақ тау-кен рудасы аймақтарын ашу болжанып отыр», - деді Ж.Қасымбек.

Айта кетейік,  биылғы жылдың  27 қазанында Мәжілістегі дөңгелек үстел барысында   инвестициялар және даму вице-министрі  Тимур Тоқабаев  Қазақстанға жер қойнауы саласында инвестиция тарту  проблемаларына тоқталған болатын.

Ақбота Күзекбай

 

Барлық жаңалықтар