• Басты
  • Жаңалықтар
  • Әлеуметтік аз қамтамасыз етілген халықтың 60%-ға жуығы колледждерде тегін білім алуда

Әлеуметтік аз қамтамасыз етілген халықтың 60%-ға жуығы колледждерде тегін білім алуда

7 Қараша, 2017 11:49
Әлеуметтік аз қамтамасыз етілген халықтың шамамен 60%-ға жуығы «Барлығына арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы бойынша тегін білім алуда. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев хабарлады.

Министр Ерлан Сағадиевтің мәліметі бойынша, ағымдағы жылы бағдарлама аясында колледжде білім алатындар саны үш есе артты.

«Аймақтарда 1850 мобильді топ құрылды, олардың құрамына қалалық, ауылдық, округтік әкімдіктердің, білім беру ұйымдарының, жергілікті полиция қызметінің, жастар ұйымдарының  өкілдері мен волонтерлар кірді. Мобильді топ әр ауланы аралап, 9-11 сынып оқушыларының санын түгендеп шықты. Сонымен, бүгінде колледжге қабылданған студенттердің 60% – ға жуығы әлеуметтік аз қамтамасыз етілген халық санатынан», - деп атап өтті ҚР БҒМ басшысы.

Сонымен қатар, ведомствоның мәліметі бойынша,  бағдарлама есебінен оқуға түскендердің қосымша саны 21 мың адамды құрады.

Е. Сағадиев еске салып кеткендей, бағдарламаларға қатысушыларға шәкіртақы, күніне бір реттік ыстық тамақ пен жолақысы қарастырылған.

«Аталмыш бағдарламаны қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен қосымша 4,3 млрд теңге бөлініп, жергілікті бюджетке  аударылды. Жоба аясында қысқа мерзімді курстарды оқытуда жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылға қабылдау жоспары 71 мың адамды құрап отыр. Бүгінде қысқа мерзімді оқу курстарына 61 мың адам жіберілген», - деп толықтырды ол.

Атап өтер болсақ, жобаны жүзеге асыру аясында еліміздің 5 аямағында шалғайдағы елді мекендерден келген тұлғаларды оқыту үшін 9 мобильді оқу орталықтары жасақталған.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Үкімет отырысында сөз сөйлеген ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2018 жылы Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы басталатынын хабарлаған болатын.

Ақбота Күзекбай

Барлық жаңалықтар