• Басты
  • Жаңалықтар
  • Халықтың денсаулығын нығайтуға ҮЕҰ, бизнес қоғамдастықты тарту керек – сарапшы (ФОТО)

Халықтың денсаулығын нығайтуға ҮЕҰ, бизнес қоғамдастықты тарту керек – сарапшы (ФОТО)

2 Қараша, 2017 17:39
Халықтың денсаулығын қорғауға және күшейтуге барлық мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ, БАҚ және бизнес қоғамдастықтың күшін біріктіру қажет. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Есмағамбетова хабарлады.

«Соңғы жылдары Қазақстанда созылмалы инфекциялық емес ауруларды диагностикалауға және емдеуге шығындардың өсуі байқалады. Бұл мемлекеттің денсаулық сақтауға бағытталған барлық шығындарының 95−96% құрайды, ал профилактикаға 3%-ғана жұмсалады. Осыған байланысты, күнделікті әдеттерді қалыптастыру мақсатында әрбір қазақстандық үшін өмірдің сапасы мен ұзақ өмір сүрудің кепілі болатын тиімді шаралар қабылдау қажет. Осы шараларға қоғам көбірек қаражат жұмсау керек. Сол кезде мемлекет пен халық ауруларды емдеуге аз қаражат жұмсайтын болады» - деді Айжан Есмағамбетова.

Спикер 2016 жылы ДДСҰ сарапшыларымен бірлесіп қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі  қызметінің өзін-өзі бағалауы жүргізілгенін хабарлады. Зерттеудің нәтижелері күшті және әлсіз тараптарын айқындады. Толық заңнамалық және нормативтік базаның болуы, «Денсаулык» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы, мемлекеттік қаржыландыру және профилактикалық іс-шаралардың іске асырылуы қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерінде жетістіктерге жетуге мүмкіндік бергенін мәлімдеді.

«Жүргізілген өзін-өзі бағалаудың нәтижелерін, сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері бойынша мүдделі тараптардың күштерін біріктіру қажеттілігін ескере отырып, осы жылы Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылды. Денсаулық сақтау министрлігінің және барлық өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларының құрылымдық бөлімшелері құрылды. Қызметтің жұмысы сәбилерді вакцинациялау мен мектеп медицинасынан, сау мінез-құлықтан, экологиялық қауіпсіздіктен,  жастар мен ересектер арасында еңбек гигиенасынан бастап тамақтануды оңтайландыру мен қарт адамдарда созылмалы дегенеративті ауруларды алдын-алуға дейін өмірдің барлық кезеңіне бағытталған. Бұның барлығы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын ұлғайту және өмірдің сапасын жақсарту бойынша Елбасының қойған міндеттерін орындауға бағытталған», - деді Айжан Есмағамбетова.

Департамент директоры атап өткендей, қоғамдық денсаулық сақтаудың мақсатына жету денсаулық сақтаудың ғана міндеті емес, бұл міндеттерді сектораралық өзара қарым-қатынассыз шешу мүмкін емес.

«Халықтың денсаулығын қорғауға және күшейтуге барлық мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ, БАҚ және бизнес қоғамдастықтың күшін біріктіру қажет. Бизнесті халықтың денсаулығын қорғауға және күшейтуге тарту фитнес-орталықтарының, спорт секцияларының, бассейндердің, белсенді демалудың және ішкі туризмнің дамуына, дұрыс тамақтану мейрамханаларының жүйесін, сандай-ақ IT-өнімдерінің және сандық шешімдерді, денсаулықты нығайту бойынша мониторинг қосымшаларын енгізуге ықпал етеді», - деп толықтырды ол.

Қайрат Жандыбаев

Фото: Азамат Әлиев

Барлық жаңалықтар