Алматы облысында 20-дан астам әлемдік компания өнімдерін өндіруде

1 Қараша, 2017 13:18
Өңірде 1800 кәсіпорын жұмыс істесе, оның 20-сы Трансұлттық компаниялардың, әлемдік брендтерді жасаушылардың қатысуымен жұмыс жасайды. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.

«Өңірде 1800 кәсіпорын жұмыс істесе, оның 20-сы Трансұлттық компаниялардың, әлемдік брендтерді жасаушылардың қатысуымен жұмыс жасайды. Барлық өнеркәсіп өнімдерінің үштен бірін осылар өндіріп отыр», - деді облыс әкімі.

Олардың қатарында «Кока-Кола», «Данон», «РДжи Брэндс», «Филип Моррис», «Кнауф», «Тикурилла» сияқты танымал іргелі компаниялар бар.

Жалпы бүгінгі күні өңдеу секторының үлесі 85% жетіп, еліміз бойынша жоғары көрсеткішке ие болып отыр.  Алматы облысындағы  индустриалды аймақтарда 17 кәсіпорын жұмыс істесе, алдағы уақытта оның санын 400-ге жеткізуге мүмкіндік бар.

«Серіктес қала «GateCity» аумағында «Берек» жаңа индустриалды аймағы құрылып, онда ірі компаниялардың қатысуымен жалпы сомасы 90 млрд. теңгелік, 2 мың жұмыс орны құрылатын 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырыла бастады. Олардың қатарында ет полуфабрикаттарын шығаратын «Бауманн» (Германия), картоп өңдейтін «Фармфритс» (Голландия), жылыжай шаруашылығы бойынша «Экокультур»  (Ресей) компаниялары бар», - деді Амандық Баталов.

Сондай-ақ облыста «Талдықорған», «Береке», «Арна», «Боралдай», «Қазыбек бек», «Қайрат»  - 6 индустриалды аймақ бар екені және олардың барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілгені айтылды.  

Ақбота Күзекбай

 

Барлық жаңалықтар