Д.Ақышев: Жыл соңына дейін инфляция 6-8% деңгейінде сақталады

1 Қараша, 2017 11:27
Жыл соңына дейін инфляция 6-8% деңгейінде сақталады, деді Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Мәжілістің жалпы отырысында.

«Қазақстанда жылдық инфляция  7,1 % деңгейінде қалыптасты. Жалпы, инфляцияның құрылымында көбіне азық-түлікке жатпайтын заттар қымбаттаған, дәлірек айтсақ олардың құны 8,2%  артқан. Ал, азық-түлік өнімдері 7,8%-ға қымбаттады. Жыл соңына дейін инфляция 6-8% деңгейінде сақталады», - деді сөз басында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.

Жалпы, спикердің айтуынша, инфляциялық процесстер болжамға сәйкес деңгейде болуда.

«Девальвациялық күтулерге келетін болсақ, олар өсті. Алайда Ұлттық банктың жүргізген валюталық интервенциясы аясында жағдай бірден тұрақтады. Бұл мақсатта 70 млн теңге жұмсалды. 2017 жылғы қыркүйекте теңгенің айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 334,29-341,61 теңге аралығында өзгерді. 2017 жылғы қыркүйектің соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 1,2%-ға (жыл басынан бастап 2,4%-ға) әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 341,19 теңге болды. Жалпы, жыл басынан бері теңге 0,5-ға әлсіреді», - деді ол.

Мемлекеттік сектордың сыртқы борышына келетін болсақ,  ол негізінен халықаралық  капитал  нарығында шығарылған  тәуелсіз еурооблигациялар құнының  өсуі және  бейрезиденттер  тарапынан Ұлттық Банктің  қысқа мерзімді  ноттарына  деген  сұраныстың  артуы есебінен  0,4 млрд. АҚШ долларына өскен.

«2017 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының сыртқы борышы 167,9 млрд. АҚШ доллары болды. Ал, 2017 жылғы 1 - жартыжылдықта елдің сыртқы борышының көлемі  4,2 млрд. АҚШ долларына, оның ішінде  2017 жылғы  2-тоқсанда 2,4 млрд. АҚШ долларына ұлғайды», - деп түйіндеді Д.Ақышев.

Ақбота Күзекбай

Барлық жаңалықтар