Астана агломерациясының саны 1,6 млн адамға дейін жетеді

31 Қазан, 2017 13:03
Астана агломерациясының саны 1,6 млн адамға дейін жетеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2030 жылға қарай агломерация аумағында 3 индустриялық аймақ құру арқылы Астана қаласынан ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды шығару ұсынылып отыр. Сондай-ақ жаңадан құрылатын өндірістік кәсіпорындарды индустриялық аймақтарға орналастыру жоспарлануда.

Жобада бірінші индустриялық аймақты Аршалы ауылына (Аршалы ауданы) орналыстыру ұсынылып отыр. Астана-Теміртау-Қарағанды бағытындағы ось бойынша ұтымды экономикалық және географиялық жағдай бар. Екінші индустриялық аймақ жылдамдығы жоғары халықаралық магистраль мен темір жол бойындағы Төнкеріс (Шортанды ауданы) ауылында орналасады.

Үшінші индустриялық аймақты Жайнақ (Целиноград ауданы) ауылына орналастыру жоспарланып отыр. Бұл елдімекендер инфрақұрылыммен және шағын электр станцияларымен қамтамасыз етілгендіктен таңдалып отыр. Бүгінгі таңда алаңы 100 гектар болатын өндірістік жер учаскесі бөлінді.

Астана агломерациясының аумағына 3 ауданы (Аршалы, Целиноград, Шортанды) және Ақкөл ауданының 4 ауданы кіреді. Агломерацияға барлығы 124 елдімекен еніп отыр. Агломерация халқының саны 2016 жылы 1,2 млн. адамды құрады,  2030 жылға қарай 1,6 млн. адамға дейін жетеді (өсім 33 % құрайды), (Астана қаласында 2016 жылы 1,0 млн. адамнан 2030 жылға қарай 1,2 млн. адамға дейін өседі).

Жалпы алаңы 21 770 шаршы километрді құрайды, соның ішінде Астана қаласы – 800 шаршы километр. Агломерацияның жалпы аумағынан 7,5 мың шаршы километрді құрайтын қарқынды даму аймағы жеке бөлінген. Оның негізгі бағыттары индустриялық аймақтарды құру, өндірісті әртараптандыру.

 

Барлық жаңалықтар