• Басты
  • Жаңалықтар
  • Зерендідегі сүт бағытындағы кооператив Көкшетау қаласындағы зауыттарға 500 тонна сүт тапсырды

Зерендідегі сүт бағытындағы кооператив Көкшетау қаласындағы зауыттарға 500 тонна сүт тапсырды

19 Қазан, 2017 17:32
Биыл наурыз айында Ақмола облысында құрылған «Әлихан-Әмір» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі өндіруші кәсіпорындарға күніне 2,5 тонна сүт жеткізіп тұрады. Жазғы айларда тапсырылатын өнімнің күнделікті көлемі 7-8 тоннаға дейін жетеді.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметі хабарлағандай,  Зеренді ауданы Караөзек ауылында орналасқан «Әлихан-Әмір» АӨК 31 шағын шаруашылықты біріктіріп отыр. Облыс орталығынан 45 шақырым жерде орналасқан кооператив сүтті «Milk Project» және «Natige» зауыттарына қайта өңдеуге тапсырады.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ «Әлихан-Әмір» кооперативі мүшелерін «Ырыс» бағдарламасы бойынша сүтті бағыттағы мал сатып алу үшін қаржыландырды. Сонымен қатар, кооперативтің өзі Қордан несие алып, модульді сүт қабылдау бекетін сатып алды. Модуль мемлекет тарапынан инвестициялық субсидияларды есепке ала отырып, жеңілдетілген жүйе бойынша сатып алынған және Қорға несиені қамтамасыз ету үшін кепіл ретінде тапсырылды.

Кооператив мүшесі Қабиден Еемматовтың бұрын кішкентай қорасында екі сиыры ғана болатын. Қордың несиелік қаржысына ол ірі қара малдың 16 басын сатып алып, қажетті мал азығын дайындаған. Қазір жаңадан кең қора салып, жұбайына көмектесетін бір сауыншыны жұмысқа алды.

 «Бұрын екі сиырымыз болатын, қазір мал басын көбейтіп, сүтті кооперативке тапсыратын болдық. Бұл әдіс жақсы екен – біріншіден, сүтті өздері алып кетеді, екіншіден, біз 6 пайызбен несие алып отырмыз. Елбасына, Үкіметке осындай бағдарламалар үшін үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Сүттен түскен ақшаға ертеңгі күнімізді уайымдамай, отбасыларымызды асырап отырмыз», - деді  «Әлихан-Әмір» АӨК мүшесі Емматов Қабиден.

 

Ауыл тұрғындары мал азығын бірігіп дайындайды. Шөп шабу, оны жеткізу жұмыстары ортақ техникамен іске асырылады. Өнімнің сапасы жоғары. Сүт қабылдайтын азаматтар оның сапасын қатаң қадағалайды.

«Әлихан-Әмір» АӨК төрағасы өз бизнесін 2004 жылы ескі «пирожковозбен» бастаған екен. Өз қорасындағы сиырларды сауып, сүтін қалаға флягпен тасып жүреді. Туыстары мен көршілері де оған қосылып, сүтті тапсыра бастайды. Кейін талапқа сай арнайы сүт тасымалдау көлігі мен сүт салқындатқышты алып, өнім көлемін ұлғайтты. Биыл Қордың көмегімен модульдік сүт қабылдау бекетін сатып алып, оны Қараөзек ауылына орнатты.

 «Біз сүтті кооператив мүшелерінен және ауыл тұрғындарынан қабылдаймыз – жалпы 8 ауылдағы 200 отбасыдан. Орта есеппен, бір айда олардан 15 миллион теңгеге сүт сатып аламыз. Биыл Көкшетаудағы қайта өңдеу зауыттарына 500 тоннадан астам сүт жеткіздік. Қазіргі таңда бізде екі танкер, төрт сүт тасымалдау көлігіміз бар», - деді  «Әлихан-Әмір» АӨК төрағасы  Құнанбай Серғазинов.

Көкшетау қаласындағы «Natige» ЖШС филиалы басқарушысының орынбасары Өстай Әбумханның айтуынша, зауыт бұл кооперативпен құрылған кезінен бастап, жұмыс істеп келеді. Сүттің көрсеткіштері стандарттарға сай, сапасы жақсы. Ақысы аптасына бір рет төленеді. Зауыт Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының басқа да кооперативтерімен ынтымақтасуға дайын. Себебі өндіру қуаттылығы сүттің қосымша көлемін қабылдауға мүмкіндік береді.

 «Ақмола облысында Қордың қатысуымен 38 кооператив құрылып, бір мыңнан астам шағын шаруашылықты біріктірді. Оның ішінде 25 - сүт, 13 - ет бағытында жұмыс істейді. Облыста кооперативтерді және олардың қатысушыларын қаржыландыруға 700 млн. теңге бағытталды. Жалпы, облысымызда Қордың барлық несие бағдарламалары бойынша 2 миллиардтан астам теңге ауылдық жобаларға бағытталды», - деді  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақмола филиалы директорының орынбасары Абзал Кенжеахметов.

Бұл жұмыс ауылшаруашылық өнім көлемін ұлғайту, кәсіпорындарды шикізатпен қамту мақсатында 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы, сондай-ақ Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында жүзеге асырылуда.

Айта кету керек, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының қатысуымен республикада 400-ден астам кооператив құрылды, компания 5,8 мың отбасылық мал бордақылау алаңын, 134 сүт қабылдау бекетін, 54 мал сою бекетін, 133 мың мал мен басқа да жануарларды сатып алуды қаржыландырды.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ - «ҚазАгро» холдингі құрамына кіретін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйым. Қордың негізгі мақсаты - ауыл халқының қаржылық қызметтер мен ресурстарға қолжетімділігін арттыру.

Барлық жаңалықтар