Н. Нығматулин: Нақты жұмыс істеу қажет

18 Қазан, 2017 11:29
Мәжілістің пленарлық отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2018-2020 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" ҚР Заңының жобасын талқылау барысында министрге ескерту жасады.

Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина ҚР қаржы министрі Бахыт Сұлтановқа объектілерді жекешелендіру мен оларды қаржыландыруға қатысты сұрақ қойды. 

«ҚР ҚМ мемлекет активтерін жекешелендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. 12 қыркүйекке дейін 75 млрд теңге сомасына 276 объект сатылған. Бұл қаражат қайда түсті: бюджет кірісіне ме, Ұлттық қорға ма әлде холдингтерде қалды ма?», - деп сұрады М. Айсина.

Министр Б. Сұлтановтың жауабы бойынша, бүгінгі күні Кешенді жоспар бойынша 113 млрд теңге сомасына 291 объект өткізілген, соның ішінде республикалық бюджетке - 23 объект, сомасы 8 млрд теңгеден астам.  

«Коммуналдық меншік бойынша 33 млрд теңге сомасына 162 объект өткізілді. Квазимемлекеттік сектор бойынша 70 млрд теңгеден астам сомаға 106 объект сатылды. Егер объект республикалық болса, онда ол республикалық бюджетке түседі. Ұлттық компаниялардың қаражаты тиісті компаниялардың есепшоттарына түсті. Ағымдағы жылғы көктемде бюджет заңнамасына түзетулер енгізілді. Жекешелендіруден түскен қаражатты Ұлттық қорға жіберу туралы Елбасының тапсырмасы бар және қазіргі уақытта Үкіметте тиісті қаулы әзірленуде» - деді министр.

Дегенмен, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин ведомство басшысы Б. Сұлтановтың сөзін бөлді.

«2014 жылдан бастап квазимемлекеттік сектор Ұлттық қордан 680 млрд теңгеге толықты. Жекешелендіруден  – 7,5 млрд, ұсынылған барлық деректер бойынша сұрақ. Барлық сұрақтар бойынша нақты жұмыс істейік, толығырақ түсіндіріп өтіңіз», - деді Н. Нығматулин.

Қаржы министрі республикалық бюджеттен бөлінген қаражат нақты жобаларға бағытталғанын хабарлады.  

«Жекешелендіру орын алған жағдайда бұл, негізінен, Ұлттық холдингтер мен компаниялардағы бейінсіз активтер мен нақты ұйымдарды жекешелендіру. Ұлттық қордан бөлінген қаражат бағытталған жобаларда қолданылуда», - деп атап өтті ҚР ҚМ басшысы. 

Айта кетейік, "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2018-2020 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" ҚР Заңының жобасы бойынша отырыста ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндама оқыған болатын. 

«Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт 2018 жылы - 2 трлн 600 млрд теңге, 2019 жылы – 2 трлн 300 млрд теңге, 2020 жылы 2 трлн теңге көлемінде белгіленген», - деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

 

Ақбота Күзекбай

Барлық жаңалықтар