Павлодар облысында басқармалар саны қысқарды

11 Қаңтар, 2014 12:20
Павлодарда облыс мәслихатының кезектен тыс отырысында басқармаларды қысқарту шешілді, деп облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Депутаттық корпустың құптауына облыс басқармаларының санын төмендегідей біріктіру арқылы 26-дан 20-ға қысқартуды қарастыратын сызба ұсынылды: облыс білім беру басқармасын балалардың құқықтарын қорғау басқармасымен; облыс жер қойнауын пайдалану басқармасын облыс қоршаған ортаны қорғау басқармасымен;облыс энергетика басқармасын тұрғын үй-коммуналдық басқармасымен;облыс кәсіпкерлік және сауда басқармасын облыстық туризм басқармасымен; облыс мәдениет басқармасын мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасымен;облыс құрылыс басқармасын облыс жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен», - делінген хабарламада.

Облыстық мәслихат отырысында аталғандай, кадрлық ресурстар мен ақпарат ағымын бір жерге шоғырландыруды талап ететін әрі ірі мемлекеттік бағдарламаларды іске асырумен айналысатын басқармалар ғана біріктірілген.Енді жұмысқа қабілетті ірі басқармалар құрылып, басшылардың қысқаруы есебінен осы мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін мамандардың саны артып, жұмыс тиімділігі өспек.

Айта кетерлігі, 2014 жылға арналған облыстық бюджеттегі әкімшілік шығындарды айтарлықтай үнемдеу оңтайландырудың ең маңыздысы болмақ. Нәтижесінде басшылардың еңбекақысы бойынша 16 млн. теңге, автомобильдерді жалға алудан 36 млн. теңге үнемдеуге болады. Сөйтіп, бас-аяғы 53 млн. теңге үнемделмек.

Барлық жаңалықтар