• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанда PОS-терминалдарды орнату мерзімі 2014 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылды

Қазақстанда PОS-терминалдарды орнату мерзімі 2014 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылды

11 Қаңтар, 2014 12:40
Кәсіпкерлердің Ұлттық кәсіпкерлер палатасына түсірген өтініштеріне орай палата кәсіпкерлердің қызметтерін жүргізетін жерлерге PОS-терминалды орнатудың міндетті нормалары бойынша мерзімді шегеруді шешті. Нәтижесінде «Салық салу бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңымен 2013 жылдың 5 желтоқсанынан терминалдарды орнату мерзімі 2014 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылды.

Eстеріңізге салсақ, мемлекет PОS-терминалдарды міндетті орнату нормаларын қолма қол ақшасыз есеп айырысуды ынталандыру, көлеңкелі табыс табуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттерді ынталандыру үшін енгізген болатын.

Жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үшін PОS-терминалдарды орнату мерзімі 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ал арнайы салық тәртібін қолданушы және (немесе) жалпы қолданыстағы телекоммуникация желілері жоқ жерлердегі кәсіпкерлер үшін 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап анықталған.

Алайда, кәсіпкерлер (әсіресе өңірлерде жұмыс жасайтын) бірқатар қиындықтарға кезігіп отыр. Ең алдымен, PОS-терминалдық құралдардың жетіспеушілігі. Қазіргі уақытта Қазақстанда 1 млн.400 мыңға жуық ШОБ кәсіпорындары тіркелген, ал орнатылған PОS-терминалдар саны тек 40 мың шамасында.

Сондай-ақ көптеген банктер коммерциялық субъектілер болғандықтан PОS-терминалдарды транзакциялардың минималды нақтыланған лимитін қамтамасыз ететін сауда нүктелерінде ғана тегін орнатуда.

Салдарынан күрделі мәселелер қатарына PОS-терминалдық құралдар құнының жоғары болуы (50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін), сондай-ақ өз бетінше сатып алынған PОS-терминалдардың техникалық ерекшеліктеріне қойылатын талаптар қосылды, өйткені сатып алынған PОS-терминалдар банктер тарапынан белгіленген талаптарға сәйкес болуы шарт.

Жоғарыда айтылған күрделі мәселелер 2013 жыл бойы ҚР Қаржы министрлігі алаңында талқыланған. 

Қазіргі уақытта PОS-терминалдар құнын төмендету және оларды орнату рәсімдерін жеңілдету мақсатында бірқатар банктер мобильді PОS-терминалдар орнатуда. Мұндай жобаларды Қазақстанның  Халық банкі, БТА банк, Каспий банк, Альянс банк, Темірбанк, HSBC банк, Қазкоммерцбанк, Қазпошта және т.б. іске қосты. MPOS-терминалдардың орташа құны 7500 теңгеден 11 000 теңге аралығында.

POS-терминалдық жабдықтардың ерекшелік талаптары Ұлттық Банк, ҰКП және екінші деңгейлі банктердің сайттарында жарияланған болатын. 

Сонымен қоса, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы POS-терминалдардың міндетті орнатылуын қажет етпейтін кәсіпкерлер тізімін кеңейтуді талап етуде. Осыған байланысты қазіргі уақытта  арнайы салық режимі бойынша қызметтерін жүзеге асырушы жеке кәсіпкерлерді POS-терминалдар орнатуға міндеттейтін норманы алып тастау бойынша, сондай-ақ аталған заңнаманың нормаларын бұзуға қатысты айыппұл ықпалшараларын төмендету, атап айтқанда төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдер қабылдау бойынша қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу туралы бастама көтеріп отыр. 

 

Барлық жаңалықтар