• Басты
  • ҚР-дағы зейнетақы: Зейнетақыны тағайындау механизмдері

ҚР-дағы зейнетақы: Зейнетақыны тағайындау механизмдері

17 Қазан, 2017 08:42
Жас ерекшелігіне қарамастан барлығымызды мемлекеттің зейнетақымен қамту мәселесі қызықтырады. Бүгін ҚР әрбір азаматы зейнетақы жасына жеткен соң зейнетақы төлеміне ие болуға құқылы, бұл туралы «Strategy2050.kz агенттігінің ресми сауалына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді.

Базалық  зейнетақы

Қазіргі таңда әрбір азамат зейнеткерлік жасқа толған кезде келесі төлемдерге құқығы бар:зейнеткерлік жасқа (ерлер – 63 жасқа, әйелдер – 58/63 жасқа) толған кезде бірдей мөлшерде (2017 жылы – 14 466 теңге) тағайындалатын базалық зейнетақыға. (2017 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша базалық зейнетақыны алушылар саны 2 116 609 адамды құрады).

Алайда, Жолдауды іске асыру мақсатында 2018 жылғы 1 шілдеден бастап оны базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесі өзгереді. Ол зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалады.Базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа механизмі мынадай:

Егер азамат жұмыс істеп, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдарды тек 10 жыл аударса немесе мүлдем жұмыс істемесе, онда оған базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 %-ы мөлшерінде тағайындалады, бұл қазіргі кездегі базалық зейнетақы мөлшеріне тең болады.

10 жылдан артық жұмыс істеген әрбір жыл үшін базалық зейнетақы 2 %-ға ұлғайтылады. Мысалы, қатысу өтілі 20 жыл болған жағдайда базалық зейнетақы мөлшері ЕТК деңгейінің 74 %-ын (20 930 теңгені), 30 жыл болса ЕТК деңгейінің 94 %-ын (26 587 теңгені) құрайды, өтілі 33 жыл және одан көп болған жағдайда  базалық зейнетақы мөлшері ЕТК деңгейінің 100 %-ына тең болады.

Бұл ретте зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне:1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі жинақталған еңбек өтілі;жинақталған өтіл (зейнетақы жарналары төленген кезеңдер (зейнетақы жарналардың нақты төленген өтілі);басқа әлеуметтік маңызы бар кезеңдер (үш жасқа дейінгі балаға күтім жасау,           16 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтім жасау, шетелде дипломаттардың, әскери қызметкерлерінің жұбайларының, әлеуетті құрылымдардың қызметкерлердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктері болмаған, жалпы 10 жылдан көп емес жерлерде тұру кезеңдері және т.б.) қосылады.

Базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа әдістемесі әлеуметтік әділдік қағидатына сай келеді, себебі зейнеткерлердің материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, азаматтардың еңбекке деген мотивацияны нығайтуға және еңбек қатынастарын заңдастыруға негіз бола алады. Яғни, адам неғұрлым көп жұмыс істесе, оның зейнетақысы да (жинақтаушы және базалық) соғұрлым көп болады.

Ортақ зейнетақы

Бұл жаңалық қазіргі және болашақ зейнеткерлерге де таралады, оларға   2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыларына қайта есептеу жүргізіледі.

Нәтижесінде, алушылардың 44,1 %-ы үшін базалық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100%-ын, 44,5%-ы үшін – ЕТКД-нің 74 %-дан 100%-ға дейін құрайды.

2) ынтымақты зейнетақыға, оның мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі жинақталған еңбек өтіліне (1998 жылғы 1 қаңтарға 6 айдан кем емес) және зейнеталды кезеңде алынған табысқа байланысты.

БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері 

Зейнетақы мөлшерін тиімді деңгейде ұстау үшін олардың мөлшері жыл сайын инфляция деңгейінен екі пайызға ілгерілеп, индекстеледі.

Осылайша,  ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақылардың мөлшері кезекті рет 9 пайызға арттырылды. Бұдан басқа, Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында 2017 жылғы 1 шілдеден бастап тағы 11%-ға арттырылды.

Нәтижесінде 2017 жылғы 1 тамызға ынтымақты зейнетақының орташа мөлшері 51 625 тенгені (базалық зейнетақыны қоспағанда) құрады, бұл 2016 жылғы орташа зейнетақының деңгейінен 20%-ға артық. (ынтымақты зейнетақыны алушылар саны 2 099 638 адамды құрады).

3) Міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдеріне. Зейнетақы мөлшері зейнетақы жинақтардың сомасына байланысты және әркімге дербес есептеледі.

Осылайша: жұмыс істейтін азаматтар зейнетақының 3 түрін (базалық, ынтымақты, жинақтаушы) алады; ал жұмыс істемейтін халық – тек базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 54%-ы мөлшерінде  (2017 жылы – 14 466 теңге) алатын болады.

 

Қайрат Жандыбаев

Барлық жаңалықтар