• Басты
  • Жаңалықтар
  • Депутаттар Солтүстік Атлантикалық Келісім Ұйымы Парламенттік Ассамблеясының 63-сессиясына қатысты

Депутаттар Солтүстік Атлантикалық Келісім Ұйымы Парламенттік Ассамблеясының 63-сессиясына қатысты

11 Қазан, 2017 10:14
Бухарест қаласында Қазақстан Парламентінің делегациясы Солтүстік Атлантикалық Келісім Ұйымы Парламенттік Ассамблеясының 63-сессиясына қатысты.

Сенат хабарлағандай,  іІс-шараның жұмысына Альянстың 29 мүше мемлекеті, 23 қауымдастырылған және бақылаушы елі парламенттерінің өкілдері қатысты. Сессияның өзекті тақырыптары САКҰ мен Ресей арасындағы шиеленіскен қарым-қатынастар, Қара теңіздің өңіріндегі қауіпсіздік және Таяу Шығыстағы терроризм мәселелері болды.

Сессияның аясында құрамында ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Н.Нұрсипатов және ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитетінің мүшесі Е.Бектұрғанов бар Қазақстанның парламенттік делегациясы Румыния Парламенті Депутаттар палатасы төрағасының орынбасары, «Румыния - Қазақстан» парламентаралық достық тобының төрағасы Флорин Иордакемен кездесті.

Тараптар қазақ – румын парламентаралық ынтымақтастығының қазіргі ахуалы мен болашағын талқылап, екіжақты қарым-қатынастарды жоғары деңгейге көтеру қажеттілігін және Қазақстан мен Румынияның іскер топтары арасында байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Парламентінің мүшелері елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-саяси реформалар, Қазақстанның Үшінші жаңғыруы және қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасымен таныстырды.

Румын саясаткері, демократиялық және құқықтық мемлекетті қалыптастыру бойынша Қазақстанның жетістіктеріне жоғары баға беріп, қазақстандық тарапты ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ойдағыдай өткізгенімен құттықтады және Қазақстандағы румын қауымының ұлттық ерекшелігін сақтауына мемлекетіміз үлкен үлес қосып келе жатқанына алғыс білдірді.

 

Барлық жаңалықтар