Деструктивті діни ағымдар отбасылардың ойран болуына себеп

9 Қазан, 2016 15:19
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті жанынан құрылған Дін істері жөніндегі республикалық ақпараттық-насихаттау тобы Ақмола облысында ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізді. Семинарлар мен кездесулерде күн тәртібіне қойылған басты мәселе ̶ өңірдегі дәстүрлі емес діни ағымдармен қарсы күрес шараларын кешенді жүргізу.

Делегация құрамында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қызметкерлері, теологтар - Тышқан Кеңшілік, Жалғас Асхатұлы, дінтанушы - Толғанай Мұстафина, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының жастар істері бойынша бөлім меңгерушісі - Алтынбек Утысхан, Астана қаласындағы «Әлжан Ана» мешітінің наиб имамы - Берікбол Жаңақовтар бар.

Бүгінгі уақытта дәстүрлі емес діни ағамдар аса өзекті түйіткілді мәселеге айналып отыр. Көптеген жастар бұл ағымдарды толық түсініп алмай, қатарларына адасып кіреді. Бұның соңы отбасының ойран, тағдырлардың талқан болуына әкеп соқтыратынын дінтанушы Толғанай Мұстафина айтып берді. Жалпыға ортақ құқық пен адамдардың жеке қызығушылығына қауіп төндіріп, әсіресе, жалған «діни мотив» атын жамылғандардың ықпалы  жастарға бірінші кезекте әсер етеді.

«Деструктивті діни ұйымының азғырып-көндіру іс-әрекеті барысында жастардың бойында мынадай негатив байқалуы мүмкін: Туған жерінің мәдениетін, салт-дәстүрлерін, ата-бабаларының аруағын, патриоттықты сыйламау; діни тематикаға шамадан тыс қызығушылық таныту, «мұғалім», «тәлімгерінің» талаптарын мүлтіксіз орындау; үйренген ортасымен қарым-қатынас орнатуда қызығушылығын жоғалту, дағдыланған қызығушылықтарынан бас тарту (спорт, шығармашылық, қосымша сабақтар); «пікірлестерімен» телефон арқылы немесе интернет-кеңістікте шамадан тыс, жақын қарым-қатынас орнату», ̶ дейді сарапшы.

   Айта кетерлігі, кездесулер барысында дәстүрлі емес діни ағымдардың жақтаушыларымен жеке түсіндурі жұмыстары жүргізілді. Осы санаттағы азаматтармен Көкшетау қаласындағы «Науан Хазрет», Степногорск қаласындағы «Пан Нұрмағамбет» және де облыс аудандарындағы мешіттерде кездесу өткізілді. Сондай-ақ, осындай кездесулер түзету мекемелеріндегі сотталғандармен оның ішінде дәстүрлі емес діни ағымдардың жақтаушыларымен де болып өтті. 

Жалпы алғанда, халықтың діни сауаттылығын арттыруды мақсат еткен іс-шараларға Көкшетау, Степногорск қалаларымен облыстағы Ақкөл және Шортанды аудандарының тұрғындары, өңірдегі қоғамдық кеңестің мүшелері, мемлекеттік және құқық қорғау органдары, дін, БАҚ, еңбек ұжымдары, оқытушылар, мұғалімдер, студенттер, және де оқу орындарының қызметкерлері қатысты. 

Барлық жаңалықтар