• Басты
  • Жаңалықтар
  • Сенат комитетінде Қару саудасы туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы қаралды

Сенат комитетінде Қару саудасы туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы қаралды

5 Қазан, 2017 16:57
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қару саудасы туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Палатаның баспасөз қызметі хабарлағандай,  2013 жылғы 2 сәуірде Нью-Йоркте жасалған Шарт мынадай санаттар шеңберіндегі кәдімгі қару-жарақтың барлық түрлеріне қолданылады: жауынгерлік танктер, жауынгерлік брондалған машиналар, үлкен калибрлі артиллериялық жүйелер, жауынгерлік ұшақтар, жауынгерлік тікұшақтар, әскери кемелер, зымырандар мен зымырандық ұшыру қондырғылары, атыс қаруы мен жеңіл қару-жарақ.

Осы Шарттың ережелерін жүзеге асыру үшін әрбір қатысушы мемлекет ұлттық бақылау тізімін қоса алғанда, ұлттық бақылау жүйесін құрады және пайдаланады, сондай-ақ осы Шартқа қатысты мәселелер бойынша ақпарат алмасу үшін ұлттық байланыс орталығын тағайындайды.

Шарттың қатысушы мемлекеттері кәдімгі қару-жарақтың экспортын немесе экспорты бойынша нақты операцияларды жүзеге асыруға рұқсаттар беруді ұлттық есепке алуды жүргізеді және кәдімгі қару-жарақтың рұқсат етілген немесе нақты экспорты мен импорты туралы ақпаратты қамтитын алдыңғы жыл бойынша баяндаманы жыл сайын ұсынады.

Шартта кәдімгі қару-жарақты, оқ-дәрілер және зақымдау құралдарын, бөлшектері мен компоненттерін беруге тыйым салу жағдайлары да жазылады. Осы Шартты ратификациялау кәдімгі қару-жарақтың халықаралық саудасына бақылауды белгілеу және күшейту арқылы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ олардың заңсыз қайта бағытталуының және заңсыз айналымының жолын кесуге ықпал ететін болады.

Заң жобасы Палата қарауына ұсынылды.
 

Барлық жаңалықтар