Павлодар облысында ЭКСПО-2017-нің 20 жобасы енгізіледі

2 Қазан, 2017 14:11
Павлодар облысында ЭКСПО-2017-нің 20 жобасы енгізіледі. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясы барысында айтты.

«Павлодар облысының 120 мың тұрғыны әлемнің жетекші елдерінің «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы жаңа технологияларымен танысуға мүмкіндік алды. Өңірде инвестициялық потенциалды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.Биылғы жылы ЭКСПО 2017 халықаралық көрмесінің арқасында инвестициялар тартуға және жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік туды», - деді Б.Бақауов.

Кездесулердің қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы және  жемістер мен көкөністерді қайта өңдеу бойынша 3 жоба, «жасыл» энергетика бойынша 2 жоба, химия, машина жасау, туризм және білім беру салаларының әрқайсысы бойынша бір жобадан жүзеге асырылып жатыр.

Сондай-ақ,  Польша Республикасының Жалпыпольшалық шаруашылық Палатасымен Агроқалашық жобасын жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойылды.

«Агроқалашықта шығарылатын өнім тек қана қазақстандық нарыққа ғана емес, сонымен қатар, көршілес Ресей Федерациясына да сатылымға шығарылады. Бірінші кезеңде жалпы аумағы 16 га болатын екі жылыжай мен қант қызылшасын қайта өңдейтін зауыт салу жоспарланып отыр. Болашақта картоптан крахмал алуға және жемістер мен көкөністерді  консервілеуге арналған зауыттар салу көзделуде», - деді облыс әкімі.

Польшаның  биомасса (ағаш өңдеу, өсімдік сіру, қураған жапырақтар және т.б.) негізінде жұмыс істейтін қазандықтарды шығарумен айналысатын Natural Systems (Начюрал Системс) компаниясынан ауыл шаруашылық қожалықтары мен коммуналдық қызмет орындарына қазандықтар сатып алынатын болады.

«Израильдік M.A.D. Corporation компаниясымен құс фабрикасы және сүт-тауарлы фермасының құрылысы бойынша 2 жоба қолға алынды. ЭКСПО көрмесі кезінде өңірде енгізуге тұрарлық 20 жоба таңдап алынды. Олардың бірі – Польша елінің көмірдің жылуы мол және көмірқышқыл газы аз түзілетін «Көгілдір көмір»  теххнологиясы. Далалық жайлауларда орнату үшін әрқайсысының қуаттылығы 1 МВт болатын неміс жел энергиясының құрылғыларын сатып алу көзделіп отыр», - деді Б.Бақауов.

Ақылды қаланың элементі ретінде облыс орталығында өтпе жолды жарықтандыру үшін кинетикалық энергияны пайдаланатын пьезо-элементтері бар жолаушылар өтпе жолдарын құру жоспарланып отыр.

Айта кетейік,  Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов облыс басшысы 2017 жылдың 8 айындағы даму қорытындылары туралы баяндама жасап, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Ақбота Күзекбай 

Барлық жаңалықтар