Б.Сағынтаев ОҚО кәсіпкерлерімен ШОБ-ті дамыту мәселелерін талқылады

2 Қазан, 2017 10:57
Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өңір жұртшылығының қатысуымен туризмді, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту мен еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады primeminister.kz.

Шара барысында өткен жылдың желтоқсан айында Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын қабылдағаны туралы айтылып өтті. Онда жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдыларға жаппай оқытуға негізгі басымдық берілді. Онымен қоса, бағдарлама еңбекке жұмылдыруды арттыру мәселесін де қамтиды.

Бұдан өзге, өңірлерді экономикалық дамытудағы өзекті жағдайларды ескере отырып, ішкі көші-қон жағдайын жаңартуға бағытталған Көші-қон саясатының тұжырымдамасы қабылданды.

Үкімет бизнесті дамыту мен қолдау көрсету тұрғысынан жағдайды ерекше бақылауда ұстауда, соның ішінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының түрлі алаңдарда, ҚР Премьер-Министрінің ел аймақтары бойынша жұмыс сапарлары барысында көтерген мәселелері Жүйелік проблемалар тізіміне енгізілген.

 Аталған тізім 513 мәселеден тұрады, олардың 442-сінің бүгінде шешімі табылған, қалған мәселелер бойынша пысықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар дамытудың перспективалы бағыттарының бірі ретінде туризм саласы аталып өтті.ҚР туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасында 6 туристік кластерді құру көзделіп отыр. Онда ОҚО «Ұлы Жібек жолын қайта жандандыру» кластеріне кіреді.

Облыстың аталған кластеріне Түркістан қаласы, Отырар және Сарыағаш аудандары, «Ақсу–Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, «Сайрам–Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі кіреді.

Қорытындылай келе, айтылған шаралардың барлығы облыстың экономикалық әлеуетін дамытуға қажетті жағдайларды жасауға бағытталғаны және жүйелі негізде іске асырылатыны аталып өтті.

 

Барлық жаңалықтар