Б.Сағынтаев ХВҚ өкілдерімен кездесу өткізді

20 Қыркүйек, 2017 09:34
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Халықаралық валюта қорының Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Марк Хортонмен кездесу өткізді, деп хабарлады primeminister.kz.

Кездесу барысында макроэкономикалық және салық-бюджет саясаты, банк секторының қызметі бойынша ХВҚ-мен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Бұдан өзге, тараптар «Нұрлы Жол» және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары ауқымды бағдарламаларын, жекешелендіру бағдарламасын іске асыру барысын және «Астана» Халықаралық қаржы орталығы жобасының перспективаларын талқылады.

Атап өтер болсақ, Қазақстан Республикасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ХВҚ-дан материалдық көмек алу құқығын пайдаланды. Экономика дамуының оң серпінінің арқасында Қазақстан Республикасы ХВҚ несие желілері бойынша міндеттемелерін 2000 жылғы 24 мамырда өтеді.

Қазіргі уақытта Қазақстан ХВҚ-дан қарыз алуды жоспарламайды. Елдің Қормен өзара іс-қимылында макроэкономика, ақша-несие және қазыналық саясат саласындағы үздік кеңесшілермен жұмыстағы ХВҚ тәжірибесін зерттеуді ескере отырып, техникалық көмек тартуға баса көңіл бөлінеді.  

Барлық жаңалықтар