Қазақстанның әскери қызметшілері үшін баспаналы болу жеңілдетіледі

18 Қыркүйек, 2017 16:42
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» үкіметтік заң жобасының таныстырылымы өтті. Заң жобасын қорғаныс министрінің орынбасары Әбілқайыр Сқақов таныстырды.

Ә. Сқақовтың айтуынша, Қолданыстағы заңнамада көзделген тұрғын үйді жалға алғаны (жалдағаны) үшін төленетін өтемақыны әскери қызмет мерзіміне қарамастан, тұрғын үймен қамтамасыз етуге мұқтаж әскери қызметшілердің барлық санаттарына (мерзімді қызмет әскери қызметшілерін, кадеттер мен курсанттарды қоспағанда) тұрғын үй төлеміне ауыстыру ұсынылуда, бұл әскери қызметшілер арасындағы әлеуметтік әділеттілікті орнатады.

«Сонымен қатар, заңда 2013 жылғы 1 қаңтарда әскери қызмет мерзімі 10-нан 15 жылға дейін болған әскери қызметшілерге әскери қызметтің 20 жылынан кейін өтеусіз жекешелендіру құқығын қайтару ұсынылған. Осы норма әскери қызмет мерзімі 10-нан 15 жылға дейінгі және 15 және одан астам жыл болатын әскери қызметшілер санаттары арасындағы шектеуді алуға мүмкіндік береді», - деді Ә. Сқақов.

Бұдан басқа, ол Жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставалары мен комендатураларда орналасуы салдарынан қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемінен екінші деңгейдегі банктердегі шотына ақшалай қаражатты 50 % мөлшерінде аудару ұсынылып отырғанын атап өтті.

«Әскери қызметтен шығару кезінде әскери қызметшілерге олардың тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген кезеңі үшін біржолғы ақшалай төлемақы төлеу ұсынылған. Әскери қызметтен шығарылған, бірақ жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда тұрып жатқан адамдарға жекешелендіру құқығының орнына өтемақы төлеу, ол Қорғанысминінің, ІІМ мен ҰҚК-ның бар қызметтік тұрғын үй қорын босатуға мүмкіндік береді. Әскери қызметте 20 және одан да көп жыл болатын, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде әскери қызметтен тұрғын үйсіз шығарылған және жекешелендіру құқығының орнына өтемақы алмаған әскери қызметшілерге ақшалай өтемақы төлеу көзделген», - деді Ә. Сқақов заңжобасы туралы.

Сонымен қатар, ҚР ұлттық қорғаныс орынбасары заң жобасын қабылдау әскери қызметтің беделін, қызметтік-жауынгерлік істер нәтижелеріне әскери қызметшілердің қызығушылығын және олардың жауаптылығын арттыратын әскери қызметшілердің әлеуметтік-құқықтық мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді және қандай да бір теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарларға әкеп соқтырмайды, деп атап өтті.

«Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан заң жобасын қабылдау бір мезгілде әскери қызметшілерді тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етуге әкеп соқтырады», - деп сендірді Ә. Сқақов.

Қайрат Жандыбаев

Барлық жаңалықтар