Ақтөбе облысы дамыған аймақтардың бестігіне енуді көздеп отыр

19 Қыркүйек, 2017 09:32
Ағымдағы жылдың сегіз айында экономика өсімі 4,5 %-ды құрап, барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң серпін байқалды.

Аймақ әкімдігінен хабарлағандай, былтырғы жылдың осы  кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,9%, ауылшаруашылығының жалпы өнімі 2,7%, бөлшек сауда айналымы - 7,4% негізгі капиталдың инвестициясы - 30,4%,құрылыс жұмыстары -  11,9 % артып, шамамен 338 мың шаршы метрлі тұрғын үй пайдалануға берілген.

«Біздің осы жылғы мақсатымыз – көш басындағы дамыған өңірлердің бестігіне ену. Бұл үшін біз жыл соңына дейін экономика өсімін 4 -4,5 % деңгейінен төмендетпеуіміз керек. Талдау мен есептер көрсеткендей, жалпы әлемдік экономикалық тұрақтылықты ескере отыра, Президенттің аталмыш тапсырмасын орындауға әлеуетіміз де мүмкіндіктеріміз де жетеді, бұл өз кезегінде елдегі жалпы ішкі және жалпы өңірлік өнімнің көбеюіне септігін тигізеді,-деп атап өтті облыс әкімі Мәртөк ауданындағы облыс әкімдігінің көшпелі отырысында.

Отырыс аясында суармалы жерлерді пайдалану, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін дамыту және ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қызметі жеке қаралды.

Ағымдағы жылы облыстағы 3500 шаруа қожалығы 187 ауыл шаруашылық кооперативтеріне біріктірілді, 911 шаруашылықтар мен аулалар ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерімен айналысады. Олар қазірдің өзінде 690 тонна ет, 1660 тонна сүт, 22 тонна көкөніс, сондай-ақ ауыл шаруашылығының таңсық түрлерінің 170 тонна өнімі - бал, ешкі сүті, қоян еті және т.б. өндіруде.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста бүгінгі күні 21,5 мың гектардан асып жығылатын қолданыстағы суармалы жерлердің аумағын одан әрі ұлғайту жұмыстары жалғасуда.

«Суармалы жерлердің кем дегенде 70 мың гектары тиімді айналымда болуы тиіс. Бұл халықты жергілікті өндірілген көкөністермен толыққанды қамтамасыз етуге және экспортқа шығаратын көкөністерді өсіруге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, мал азығын қамтамасыз ету мәселесі шешілетін болады», - деді облыс әкімі.

 Ол сондай-ақ, мал басы мен ет өндірісін арттыруды, ауылшаруашылық субсидияларын тиімді игеруді, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлері мен ӘКК-ны әрі қарай дамытуды, күзгі егін жинау науқанын 25 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды.

Отырыс кезінде қаралған тағы бір маңызды мәселе – Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасының жүзеге асырылу барысы болды. Өңірге аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін 4,8 млрд. теңге берілсе, оның 3,1 млрд. теңгесі игеріліп үлгерді.

Бүгінде мыңнан аса ақтөбелік бағдарлама аясында кәсіби-техникалық мамандықтарға тегін оқуға кірісті. Тағы 1720 адам колледждер мен мобильді оқыту орталықтары жанынан еңбек нарығында неғұрлым сұранысқа 34 кәсіп бойынша қысқа мерзімді курстардан өтіп, осындай курстардан өткен 535 адам жұмысқа ораналасты.

Бағдарламаның екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті қарастырады. Соның ішінде шағын несиелеу түріндегі қолдау мен жобалар бойынша кепілдіктер жұмыссыздарға, кәсіпкерлік әлеуеті бар өзін өзі жұмыспен қамтығандарға, ауылшаруашылық кооперативтеріне, стартап жобаларға көрсетіледі.

Өңір басшысы ауылдағы, әсіресе жастар арасындағы кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары жөніндегі түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

«Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті, сол бизнес жоспарды қалай құру немесе несиені қалай алу керектігін әлі де жете түсінбейді. Түсіндіру жұмыстарына даму институттарын және әрекет етуші кәсіпкерлерді, соның ішінде «Ақтөбе - құтты мекен» форумы аясында өзге өңірлерде, шетелдерде тұратын облысымыздан шыққан бизнесмендерді тарту қажет»,-деп атап өткен облыс әкімі, сондай-ақ, бизнес идеяларды гранттық қолдауды тапсырды.

Отырысты түйіндеген Бердібек Сапарбаев салалық басқармалардың басшыларына, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне биылғы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономкалық көрсеткіштің төмендеуіне жол бермей, бақылауға алуды тапсырды.

«15 күнтізбелік күн қалды. Қорларды жұмылдырып, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу керек. Осыларға айрықша мән берген жөн. Ең бастысы – жыл соңына дейін экономика өсімін кем дегенде 4–4,5 %-ға дейін жеткізу үшін жақсы дайындама жасау қажет. Белгіленген деңгейде жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке қосымша кіріс түседі, бұл көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді»,- деп мәлімдеді облыс әкімі.

Барлық жаңалықтар