АДБ Қазақстанға 3 млрд доллардан астам қаржы бөледі

18 Қыркүйек, 2017 12:59
Азия даму банкі (АДБ) Директорлар кеңесі Қазақстанмен әріптестіктің жаңа стратегиясын бекітті, оның аясында 2021 жылды қоса алғанда, елге 3 млрд. АҚШ доллардан астам сомаға жәрдем көрсету жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстандағы АДБ өкілдігінің директоры Джованни Капаннелли ОКҚда өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Д. Капаннелли хабарлағандай, стратегия экономиканы әртараптандыру, инклюзивті даму мен орнықты өсуге қол жеткізу жөніндегі шараларды қолдауға бағытталған.

«Қазақстан жаһандық экономикалық сын-тегеуріндерді еңсеру мен сыртқы талықсытпаларға неғұрлым орнықты және әртараптандырылған экономиканы құру үшін күш салуда. Әлеуетті іске асыру және табысы жоғары елдердің мәртебесіне қол жеткізу үшін білім мен қаржылық ресурстардың едәуір түсімі қажет болады. АДБ неғұрлым инклюзивті және жасыл өсуді қолдайтын, сондай-ақ Париж келісімі шеңберінде Орнықты даму мақсаттары мен уағдаластықтарды көрсететін, дамудың бар сын-тегеуріндерін шешуге арналған жаңа, тиімді тәсілдерін тұжырымдауда Қазақстанға жәрдем көрсетуді жалғастыра беруге дайын», - деді Қазақстандағы АДБ өкілдігінің директоры. 

Сонымен қатар, ол АДБ стратегиясы 5 жылдық кезең ішінде Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға жәрдемдесуді көздейтінін жеткізді.

«Елмен серіктестіктің Жаңа Стратегиясы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» деп аталатын ұлттық орта мерзімді даму стратегиясына сәйкес келеді. АДБ қызметі инфрақұрылымды дамыту, басқару мен институттардың тиімділігін арттыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, жұмыс орындарын құру, қоршаған ортаны қорғау, технологиялық инновацияларды ынталандыруды қоса алғанда, еліміздің экономикалық және әлеуметтік прогресіне ықпал ететін басты факторларды ілгерілетуді назарында ұстайтын болады», - деп толықтырды Д. Капаннелли.

Бұдан басқа, ол АДБ-ның ҚР Үкіметімен ынтымақтастығы қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді.

«АДБ ҚР Үкіметімен үш негізгі сала бойынша ынтымақтасады. Жеке секторды қаржыландыру мен дамуын ынталандыруға қолжетімділікті жеңілдету арқылы экономикалық әртараптандырудың негізіндерін нығайту;  инклюзивтік дамуды қолдау мен инфрақұрылымдық кедергілерді жою арқылы теңсіздікті төмендету және қызмет көрсетуді қолдау және климаттың өзгеруі аясында энергия тиімділігін арттыру, жаңғыртылатын энергия көздерін дамыту және климаттың өзгеруі салдарларын жеңілдету мен бейімделу бойынша шараларды қолдау арқылы орнықты, жасыл өсуге жәрдемдесу», - түсіндірді Д. Капаннелли.

Қазақстандағы АДБ өкілдігінің директоры атап өткендей, серіктестік стратегиясы өңірлік ынтымақтастықты және интеграцияны дамытуды, сондай-ақ гендерлік теңдікті арттыруға ықпал ететін жеке сектордағы инвестициялық және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін қолдана отырып сектораралық жобаларды да қарастырады.

«Қазақстанның ауылшаруашылық секторын қолдау мен агробизнесті дамыту да АДБ-ның жаңа стратегиясының басты басымдықтарының бірі. АДБ осы саланы қазақстандық экономиканың өсу қозғалтқышына өзгертуге байланысты үкіметтің күш-жігерін қолдайтын болады. АДБ білім саласындағы Қазақстанмен әріптестік қарым-қатынасты, соның ішінде экономика саласындағы зерттеулерге қолдау көрсететін білім орталықтарын құру, институционалдық әлеуетті дамыту және әртүрлі салалардағы саяси диалогтар арқылы әріптестікті нығайтуды жалғастырады. АДБ мемлекеттік кәсіпорындармен белсенді ынтымақтастықта болады және инновациялық қаржыландыруды дамытады, бұл Қазақстанның реформалауға бағытталған экономикалық күн тәртібін және егемен емес қаржыландырусыз жобаларға деген сұраныстың артуын көрсетеді. Мемлекеттік және жеке секторлардың аралас қаржыландыруын, соның ішінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде пайдалану Қазақстанға оның салықтық-бюджеттік саясатын және борышты басқаруды нығайтуына мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Д. Капаннелли.

Естеріңізге сала кетейік, 1994 жылы Қазақстан АДБ-ға мүше болғаннан бастап, ел ауылшаруашылығы және ирригация, қаржы, көлік, сумен жабдықтау және суды бұру сияқты салаларда жобаларды жүзеге асыру үшін егемен және егемен емес қаржыландыру түрінде 5 миллиардтан астам АҚШ долларын алды.Штаб-пәтері Манилада орналасқан АДБ-ның миссиясы – инклюзивті экономикалық және экологиялық орнықты, сондай-ақ өңірлік ықпалдасу арқылы Азия-Тынық мұхиты өңірінде кедейлікті қысқарту. 1966 жылы құрылған АДБ Азияны дамытудағы серіктестіктің 50 жылдығын атап өтеді. Банктің акционерлері – 67 ел, олардың 48-і Азия-Тынық мұхиты өңірінде орналасқан. 2016 жылы АДБ-ның жалпы көмек көлемі бірлесіп қаржыландырудың 14 млрд. АҚШ доллары мөлшерін қоса алғанда, 31,7 млрд. АҚШ долларын құрады.  

Қайрат Жандыбаев

Барлық жаңалықтар