• Басты
  • Жаңалықтар
  • Әліпби реформасы Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырады

Әліпби реформасы Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырады

15 Қыркүйек, 2017 08:46
Әліпби реформасына тарихи алғышарттар себепші болды және ол Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған, деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаева Strategy2050.kz АА-ға берген сұхбатында.

«Әліпби реформасына тарихи алғышарттар себепші болды және ол Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді, әлемдік ғылыми-білім, технологиялық және коммуникациялық кеңістікке жылдамдатылған интеграциялануға бағытталған. Мемлекеттік тілдің латын графикасына көшуі маңызды міндет, бұл тілдің қарым-қатынас жасау құралы ретінде ғана емес, сонымен қатар рухани жаңғыру мен ұлттық сәйкестікті нығайтудың күшті факторы ретіндегі шексіз әлеуетін, баға жетпес байлығын ашуға мүмкіндік береді», - деді Н. Жұмаділдаева.

Депутат мемлекеттік тіл реформасында мемлекеттік тіл саясаты өзгермейтінін атап өтті. 

«Әліпбидің ауысуы тек қазақ тіліне ғана байланысты. Латын әліпбиіне көшу ең алдымен қазақ әліпбиі мен орфография ережелерін реформалауға бағытталған, бұл тіл фонетикасы мен оның графикасы арасындағы сәйкестікті орнатуға мүмкіндік береді. Осылайша, латын әліпбиінің енгізілуі мемлекеттік тілді дамытудың ішкі мәселелерін шешуге арналады. Мемлекеттік тілдің, ұлтаралық қарым-қатынас тілінің, Қазақстанда тұратын этнос тілдерінің үйлесуі Конституциямен кепілдендірілген норма болып қалады», - деп атап өтті Н. Жұмаділдаева.

Сондай-ақ ол қазақ әліпбиінің реформасы тілді ашық, оқуға жеңіл ететінін атап өтті. 

«Парламенттік тыңдаулар латын графикасындағы әліпбидің бірыңғай стандартын қоғамдық талқылауға бастау берді. Мен лингвистер Анар Фазылжанова мен Құралай Кудеринованың пікірлеріне назар аударғым келіп отыр, олар тіл реформасының "бір әріп - бір дыбыс" атты негізгі қағидатын негізге алады, бұл тілді ашық, оқуға жеңіл етеді. Ғалымдар қоғамы диакритика  тілді күрделендірмей, керісінше, диграфтарға қарағанда, оқу мен түсінуді едәуір оңайлатады деп санайды», - деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар, ол латын әліпбиіне көшу ағылшын тіліне көшу емес екенін де назарда ұстау керектігін қосты. 

«Біз әліпбидің жаңа графикасын қалыптастырудың техникалық тәсілі басым екенін көбірек байқаймыз. Пернетақта ағылшын тілімен байланыстырылғаны баршамызға белгілі және қазақ тілінің компьютерлік пернетақтаға байланысты болуы тіл білімі қағидаттарынан алыстауға әкеледі. Латын әліпбиіне көшу ағылшын тіліне көшу емес екенін назарда ұстау қажет. Қазақ әліпбиінің бірыңғай стандартын латын графикасында қалыптастыру кезінде қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияны А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының ғылыми зерттеулері мен әзірлемелерін пайдалануға шақырамын», - деп түйіндеді Н. Жұмаділдаева.

Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті 2017 жылдың соңына дейін қоғам мен ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің бірыңғай стандартын жаңа графикада қабылдауды тапсырған болатын. Қойылған міндетке сәйкес, Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс тобының құрамына кірген ғалымдар латын графикасындағы мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартын дайындау бойынша үлкен жұмыс жүргізген. 

Қайрат Жандыбаев

Барлық жаңалықтар