Қазақстанда машина жасау саласында өсім байқалады

12 Қыркүйек, 2017 08:43
Биыл жыл басынан бері машина жасау саласында айтарлықтай өсім байқалды, деді ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Тимур Нұрашев ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында.

2017 жылғы қаңтар-тамызда машина жасаудың өндіріс көлемі 6,3%-ға өскен.

«Жеңіл автомобиль өндірісі 4,7 есе, темір жол вагондар өндірісі 9 есеге, трансформатор өндірісі 2 есеге өсті»,-  деп хабарлады ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ, іс-шара барысында машина жасау саласының жетістіктері жайлы сөз болды. Осылайша, биылғы жылдың 7 айында 9678 автомобиль шығарылған. Электр жабдығы өндірісінің көлемі 63,8 млрд теңгеден асты.

Темір жол машина жасау саласында қарқынды даму байқалады. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында сектордың НКИ-і 144,7%-ға жетіп, көлемі 31,5 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрам Пшембаев өз сөзінде, 20-21 қыркүйекте Астана қаласында әлемнің 40 елінен 800 делегат қатысатын Қазақстан машина жасаушыларының V форумы өтетіні жайында айтты. Форум тақырыбы – «Қазақстанның жаңа индустрияландырылуы: жоғары технологиялық машина жасау».

Форум машина жасау саласының даму бағыттарының келешегі мен көкейтесті мәселелері бойынша пікір алмасатын әсерлі диалог алаңы болмақ.

Биыл Форумды жаңа форматта өткізу жоспарлануда. Салааралық өндірістердің машина жасау технологиялары, электрондық-оптикалық машина жасау және 4.0. Индустриясы сияқты секциялар ұйымдастырылады.

Барлық жаңалықтар