СҚО әкімі азаматтарды қабылдауды өткізді

11 Қыркүйек, 2017 20:47
Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өңір басшысы Құмар Ақсақалов азаматтарды қабылдауды өткізді.

Облыс әкiмiне ауыл шаруашылығы өндiрiсi үшiн жер телiмiн бөлу, сол сияқты «Туған жер» бағдарламасы аясында «Қазақтың даңқты Есiл өзенi» бағдарламасы бойынша кешендi шараларды жүзеге асыру, «Береке» шағын ауданында инфрақұрылымдар жүргiзу, «ПСХ» ЖШС құрамынан шығу жөнiнде өтiнiштер бiлдiрiлдi. Одан басқа Петропавл қаласын абаттандыру және СҚО-да гастроном брендiн құру жөнiнде ұсыныстар айтылды.

«Туған жер» бағдарламасы аясында «Қазақтың даңқты Есiл өзенi» бағдарламасы бойынша кешендi шараларды жүзеге асыру бойынша М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Зарқын Тайшыбай жүгiндi.

«Есiл өзенi Қазақстанның су саласында ерекше орын алады. Ең көрiктi жерi Солтүстiк Қазақстан облысында. Сондықтан Есiл өзенiн бiз сақтауымыз керек. Өзен, оның салалары бiр мың, екi мың жыл бұрын қандай болғанын зерттеуiмiз керек», — дедi Зарқын Тайшыбай.

Сол сияқты ол «Солтүстiк Қазақстанның электронды топономикалық базасын» жасау қажеттiгiн де алға тартты.

«Билiктегi адамдар экономиканы ғана емес, тарих және болашақ туралы да ойлауы керек. Есiл — облыстағы ең iрi өзен. Бiз тарихты зерттеп, болашақта қандай жобаларды жүзеге асыру, тәрбие жұмыстарын жүргiзу қажеттiгiн бiлуiмiз керек. Мен сiздiң ұсынысыңызды толығымен қолдаймын», — дедi Құмар Ақсақалов.

Никита Белянкин Солтүстiк Қазақстан облысының гастрономия брендiн құру жөнiндегi жобасын тiлге тиек еттi.

«Бiз облыста өсiрiлген өнiмдердi пайдаланатын боламыз. Өңiрдiң әлеуетi ауқымды. Бұл бағытта елiмiзде бәсекелестер жоқ», — дедi Никита Белянкин.

Өңір әкімдігінде хабарлағандай, барлық өтініштер бойынша облыс әкiмi ведомство басшыларына, аудандар мен Петропавл қаласының әкiмдерiне тиiстi тапсырмалар бердi.

Барлық жаңалықтар