Приозерскіде еліміз үшін кәсіби сүңгуір-құтқарушылар даярланатын болады

11 Қыркүйек, 2017 19:48
Приозерскіде су-құтқару станциясы базасында ҚР ІІМ ТЖК кәсіби апаттық-құтқару қызметтерінің сүңгуші-құтқарушыларын даярлайтын Республикалық оқу-жаттығу орталығы құрылады, деп хабарлады Қарағанды облысының әкімдігі.

Ғимараттың ауданы бір мезгілде 25 адамды оқытуға мүмкіндік береді. 

«Орталық тек азаматтық қорғаныс саласында жоғары білікті мамандар даярлау бойынша ғана емес, сонымен қатар еліміздің басқа да салаларындағы сүңгуші мамандарды дайындаумен айналысатын болады. Бүгінгі таңда елімізде І, ІІ, ІІІ топтағы білікті сүңгушілерді даярлайтын мамандандырылған оқу орындары жоқ, ал шет елдерде оқыту анағұрлым қымбат" делінген хабарламада.

Құтқару бөлімшесі барлық замануи талаптарға сай және елімізде оның баламасы жоқ. Қазақстанның басқа аймақтарына қарағанда өзінің географиялық орналасуымен де басымдылыққа ие.

Еске сала кетейік, 2014 жылы Балқаш көлінің жағалауында Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары шеңберінде жаңа су-құтқару станциясы ашылған болатын. Ол жылдам жүретін құтқару катерлерімен, ең жаңа сүңгуші және су-құтқару құралдарының үлгілерімен жабдықталған. Оның ішінде терең су астында медициналық-оңалту шараларын жүргізуге мүмкіндік беретін барокамера да бар. Сонымен қатар оқу сыныбы да жабдықталған.  

Барлық жаңалықтар