• Басты
  • ЭКСПО-2017 көрмесінің соңғы күні қалай өтті
11 Қыркүйек, 2017 09:31

ЭКСПО-2017 көрмесінің соңғы күні қалай өтті

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі 93 күнге созылды. Көрме қонақтары мен келушілері соңғы күні ЭКСПО-2017 көрмесінің жабылуына арналған 9 минуттық мерекелік отшашуды тамашалады.
ЭКСПО-2017 көрмесінің соңғы күні қалай өтті

Соңғы күні келушілер павильондарды кешкі сағат 19.00-ге дейін аралай алды. 

Көрменің соңғы күні қалай жұмыс істеді?

10 қыркүйекте сағат 18.30-дан 22.00-ге дейін билет сататын барлық кассалар жабылды, ал сағат 19.00-ден 22.00-ге дейін кіреберіс есіктер жабылды. Сағат 19.20-дан 19.25-ке дейін күнделікті кешкі шеру өтті. Сағат 19.00-де халықаралық павильондар жабылды. Сағат 21.15-тен 21.23-ке дейін салтанатты отшашу өтті.

Сағат 21.25-тен 00.00-ге дейін Музарт, Майра Мұхамедқызы, Жәмилә Серкебаева және басқа да қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен Амфитеатрда көрменің жабылуына арналған салтанатты концерт өтті.   

Айта кету керек, келушілер сағат 22.00-ден 03.00-ге дейін көрмені соңғы рет аралай алды.  

Сағат 20-00-де ЭКСПО-2017 көрмесінің ресми жабылу рәсімі өтті, оған еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.   

Жабылу рәсімінің өзі Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы Винсент Гонзалес Лосерталестің құттықтау сөзінен басталды.

Сондай-ақ жабылу рәсімінде Халықаралық көрме бюросының әнұраны шырқалды. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басшысы Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 көрмесінің туын Халықаралық көрме бюросының Президенті Стин Кристенсенге тапсырды. 

ЭКСПО медиа-орталығының мәліметінше, 9 қыркүйекте ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне 100 514 адам келген. Салыстыратын болсақ, көрменің алғашқы күндері орта есеппен 22 840 келуші тіркелген.  

Жалпы 10 маусымнан 9 қыркүйекке дейінгі аралықта ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне 3 860 000 адам келген.  

Ұйымдастырушылар атап өткендей, көрменің жабылу рәсімінің басты идеясы Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған энергетика және технологиялар саласындағы әзірлеме болған.

Жабылу рәсімінде қауіпсіздік үшін 3000 астам полиция және жеке күзет қызметкері жауапты болды, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланнан қосымша 500-ден астам әскери қызметші тартылды. 

«Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі ― бұл 2017 жылғы 10 маусым – 10 қыркүйек аралығында Астанада өткен жаһандық сипаттағы көрме және ойын-сауық іс-шарасы. ЭКСПО-2017 көрмесі биылғы жылдың ең ірі мәдени іс-шараларының біріне айналды.

Еске сала кетейік, 2011 жылғы 10 маусымда Парижде Халықаралық көрме бюросының штаб-пәтерінде EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің Комиссары Рапиль Жошыбаев ХКБ Бас хатшысы Винсент Гонсалес Лоссерталеспен кездескен еді. Кездесу барысында Р. Жошыбаев ҚР Премьер-Министрі қол қойған Қазақстан Республикасының ресми өтінімін тапсырады. Халықаралық көрме бюросының 152-ші Бас Ассамблеясында құпия дауыс беру нәтижесінде Қазақстанның елордасы Астана қаласы ең көп дауыс жинап (161 дауыстың 103-ін), «EXPO-2017» көрмесін өткізу орны болып жарияланды.

ЭКСПО – 2017 көрмесі базасында Астана халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейтін болады.  

АХҚО міндеттері Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға жәрдемдесу, құнды қағаздар нарығын дамыту болмақ.

Қазақстандық «Нұр-Әлем» павильоны өз жұмысын Болашақтың музейі ретінде жалғастырады.  

ЭКСПО көрмесі аясында жеріміздің әр түкпірінен 33 мыңнан астам әртіс өз өнерін көрсетті. Сондай-ақ көрмеде 4,5 мыңнан астам волонтер жұмыс істеді, ғалымдар 153 өнертабыспен таныстырды. 


Ақбота Күзекбай

Автордың суреті

Барлық жаңалықтар