• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР Президенті ИЫҰ ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті аясында бірқатар кездесулер өткізді

ҚР Президенті ИЫҰ ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті аясында бірқатар кездесулер өткізді

10 Қыркүйек, 2017 17:09
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті аясында бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғанимен кездесу барысында Елбасы оған  Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитіне қатысқаны үшін ризашылық білдірді.

"Жоғары деңгейдегі кездесулеріміз тұрақты сипатқа ие. Бұл екіжақты қарым-қатынастар қарқынды дамып келе жатқанын білдіреді. Қазақстан көп бейнет көрген бауырлас ауған халқына тұрақтылық тілейді", – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мүмкіндігіне қарай Ауғанстанға көмек көрсетіп келе жатқанын айтты.

"Атап айтқанда, біз жастарға білім беру, гуманитарлық көмек көрсету салаларында қолдау жасауды жалғастырамыз", – деді Қазақстан Президенті.

Ауғанстан Президенті Саммитке қатысуға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылық білдірді.

"Сізді «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін және Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитін табысты өткізуіңізбен құттықтаймын", – деді М.Ғани.

Сондай-ақ Н. Назарбаев Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханимен кездесіп, оны өткен сайлауда жеңіске жетіп, Иран Ислам Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.

"Бұл бізге бұған дейін басталған диалогымызды жалғастыруға зор мүмкіндік береді. Біздің арамызда сенім мен түсіністік бар. Бұл екіжақты қарым-қатынасты қарқынды дамыту үшін аса маңызды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Иран Ислам Республикасының Президенті саммитке қатысуға шақырғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.

"Көптеген халықтың ойында Астана бейбітшілік қаласы ретінде сақталған. Ол алдағы уақытта да сол кейіпте қала береді. Астанадағы саммит Таяу Шығыстағы тұрақсыз өңірге бейбітшілікті орнықтыруға үлес қосады деп үміттенемін. Саммит өткеннен кейін Қазақстанның елордасын ғылым мен технологияның қаласы деп те атауға болады", – деді Х.Рухани.

Соңында Қазақстан Президенті Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитіне қатысқаны үшін Х.Руханиге ризашылық білдірді.

Индонезия Республикасының вице-президенті Юсуф Калламен әңгіме барысында Қазақстан Президенті Индонезия вице-президентіне саммитке қатысқаны үшін ризашылық білдірді.

"Бәріміз үшін бұл саммиттің маңызы зор. Индонезия Қазақстанның маңызды серіктесі болғандықтан, сіздермен одан әрі тығыз ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз. Елдеріміз арасында нақты уағдаластықтар бар және осы бағытта мақсатты түрде жұмыс жүргізу қажет", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Индонезия вице-президенті Қазақстан Президентіне жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтты.

"Бізде экономиканың түрлі саласында өзара іс-қимыл жасау үшін зор әлеует бар. Бүгінгі іс-шара келешекте жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға тың серпін беретін болады", – деді Ю.Калла.

Сондай-ақ Гвинея Республикасының Президенті Альфа Кондемен кездесу барысында Қазақстан Президенті Астанада өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті бүкіл ислам әлемі үшін маңызды екенін атап өтті.

"Өкінішке қарай, біздің елдеріміз арасында тығыз экономикалық қарым-қатынас орнамаған. Біз осы бағытты дамыта түсуіміз қажет. Сіздің Қазақстанға ресми сапармен келуге ниетті екеніңізді білемін және оған қуаныштымыз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Гвинея Республикасының Президенті Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитіне қатысуға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдіріп, екіжақты байланыстарды нығайтуға ниетті екенін айтты. 

Барлық жаңалықтар