• Басты
  • Жаңалықтар
  • Малайзия және Қазақстан мұнай-газ саласындағы бірлескен жобаларын іске асыруға ниетті

Малайзия және Қазақстан мұнай-газ саласындағы бірлескен жобаларын іске асыруға ниетті

6 Қыркүйек, 2017 11:42
Қазақстанның мұнай-газ саласына мұнай мен газды барлау, өндіру және өңдеу бойынша ең жаңа әдістер мен технологияларды тарту қажет. Осы ретте Малайзияның осы сектордағы компаниялары қазақстандық әріптестермен бірлескен жобаларын іске асыра алады. Бұл туралы энергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға және болашақтың энергиясын дамытуда әріптестік орнатуға арналған «Малайзия-Қазақстан бизнес форумында» «Kazenergy» қазақстандық мұнай-газ және энергетика кешенін ұйымдастыру бірлестігінің атқарушы директоры Рүстем Қабжанов хабарлады.

Бүгінгі Малайзия-Қазақстан бизнес форумының тақырыбы Қазақстан мен Малайзия арасындағы инвестициялық мүмкіндіктер, болашақтың энергиясы, "жасыл" технологиялар мен энергия үнемдеу, соның ішінде инновациялық экологиялық қаржыландыру мәселелері болып табылады. 

Рүстем Қабжанов өзінің құттықтау сөзінде мұнай-газ саласының даму процестерін атап өтті. 

«Қазақстан және Малайзияғылым мен техниканың үздік жетістіктерін практикада қолдануға тырысып, өз азаматтарының өмірін жақсарту үшін бар әлеуетін пайдаланатын елдер», - деді Р. Қабжанов.

Осы ретте ол бүгін Қазақстанда мұнай-газ, геологиялық барлау, құрылыс материалдарын өндіру салалары мен аграрлық секторда 8 малайзиялық компания жұмыс істейтінін еске салды. 

«Жақында малайзиялық «Rich Energy» компаниясы Маңғыстау облысының әкімдігімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын, оның мақсаты - мұнай мен газды барлау мен өндіру жөніндегі жобаларға инвестициялар тарту. Біздің әріптестерімізге бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігі пайда болды», - деп атап өтті «Kazenergy атқарушы директоры.

Қазіргі уақытта жер қойнауын пайдалану және энергетика секторы екі ел экономикасы үшін аса маңызды. 

«Егер статистикаға жүгінсек, Малайзия ЖІӨ-сіндегі энергетика үлесі 20%-дан кем емес және Малайзия СТГ бойынша әлемде екінші экспорттаушы болып табылады. Малайзияның энергия балансында мұнай мен газ үлесі 2015 жылы 80% құраған. Қазақстанда мұнай мен газ үлесі  20% құрайды. Ал энергия өндіру секторының басқа салалары - уран мен көмір, электр энергетикасы үлесі  80%-ды құрайды», - деп атап өтті Рүстем Қабжанов.

Спикер Қазақстан экономикасын одан әрі әртараптандыру туралы да айтып өтті.  

«Мұнай-газ саласына барлау, өндіру және өңдеу бойынша ең жаңа әдістер мен технологияларды тарту қажет. Сонымен қатар, басқа салалардың кәсіпорындары кез келген ұсыныстарды қарауға тырысады және өзара тиімді жобаларды іске асыруға қатысуға дайын. Қазақстан экономикасының болашағы әрбір элемент бір-бірін толықтырып, Қазақстанның кәсіпорындарына барлық артықшылықтарды пайдалануға мүмкіндік беретін үйлестірілген экономика», - деп қосты Р. Қабжанов.

«Kazenergy» басшылығы Малайзияның компаниялары мен кәсіпорындары қазақстандық әріптестерімен бірге өзара тиімді әріптестікке қатысып, инвестициялар мен жаңа технологиялардың арқасында бірлескен жобаларды іске асыра алатынын  атап өтті.     

Ақбота Күзекбай

 

Барлық жаңалықтар