Қазақстандық тауар әлемнің 117 еліне экспортталады

6 Қыркүйек, 2017 11:14
ҚР ҰЭМ өкілі «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ базасында өткізілген «Қазақстан Республикасының 2018-2022 жылдарға арналған ұлттық экспорттық стратегиясы: жүзеге асыру әлеуеті және басымдықтары» дөңгелек үстелі барысында сөз сөйлей келіп, Стратегияны жүзеге асыру Бағдарламасының шикізаттық емес тауарлардың экспортының көлемін 2025 жылға қарай 2015 жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайтуға бағытталғанын атап өтті.

ҚР ҰЭМ Сыртқы сауда қызметін дамыту департаменті директорының орынбасары Уәсила Байқадамова Қазақстан Республикасының 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық экспорттық стратегиясының жобасын әзірлеу бойынша ҚР ҰЭМ жүргізген жұмыстар туралы баяндады.

«Бағдарламаның бесжылдық кезеңге арналғанын ескере келіп, оны жүзеге асырудағы табыстылықтың нысаналы индикаторлары ретінде шикізаттық емес экспорттың көлемін 2022 жылға қарай 2015 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда бір жарым есеге ұлғайтуды, сонымен қатар шикізаттық емес тауарлар позициясының экспортын басымдықтағы және қызығушылығы жоғары елдерге өсіруді белгілеу ұсынылады», - деді Байқадамова.

Ол сондай-ақ экспорттық стратегиямен жұмыс жасау барысында ағымдағы жағдай, оның ішінде соңғы 10 жылдағы Қазақстанның экспорты, ұлттық экспорттаушыларды түрлі қолдауды қарастырудағы қабылданған мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар талданғанын атап өтті. Экспорттық операцияларға әсер ететін ұлттық заңнамалардың нормалары, экспорттаушыларды қолдауда қолданылып жүрген шаралар, Қазақстанның халықаралық келісімдері қарастырылды. Сондай-ақ, шет елдердің – әлемнің ірі экспорттаушыларының экспортты қолдау мен ынталандырудағы халықаралық тәжірибелері зерделенді.

Байқадамованың деректері бойынша, қазақстандық өнімдер әлемнің 117 еліне экспортталады. 2016 жылы Қазақстан әлемдік экспорт көлемінің 0,23% үлесімен 204 елдің арасында 52 орынды иеленді. Ол Қазақстан 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты екі есе ұлғайтуға қол жеткізу үшін елеулі сын-қатерлерді еңсеруі керектігін атап өтті. Бүгінгі таңда отандық экспорттаушыларға бірқатар мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар (ИИДМБ, «Нұрлы Жол», АӨК дамыту бағдарламасы, БЖК 2020, Экспорттаушы 2020, қызметтер саласын дамыту және басқалар) аясында қолдау жасалуда.

 

 

Барлық жаңалықтар