• Басты
  • ҚР АКМ 2017 жылы 39 телехикая түсіруді жоспарлап отыр

ҚР АКМ 2017 жылы 39 телехикая түсіруді жоспарлап отыр

4 Қыркүйек, 2017 18:17
Алматы және Алматы облысында баспасөз-туры өткізілді. Ақпараттық турға Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев та қатысты, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

«Осы жылы Министрлік тапсырмасымен әр түрлі жанрдағы 39 телехикая түсірілімі жоспарланған», - деді министр.   

Баспасөз туры барысында журналистер мен блогерлер  «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» телехикаясының түсірілім жұмыстарымен және «Казахстан» ұлттық арнасы дайындаған «24 сағат табиғат құшағында» атты танымдық реалити-шоуының монтаждық жұмыстарымен танысты.   

Биыл отандық телеарналардың көрерменге ұсынар тың дүниелері жеткілікті. Жаңа маусымның ең маңызды тартуларының бірі - қазақтілді сериалдар. Мәселен, көрермендер «Қазақстан» арнасынан жақында «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» телехикаясы мен «24 сағат табиғат аясында» деп аталатын реалити-шоуды тамашалай алады. Сондай-ақ, қазір «Қазақ батырлары» тарихи көркем сериалының түсірілімі жүріп жатыр. «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» тарихи телехикаясы екі ай бойы түсірілді. Ел дәстүрін жаңғыртудың жарқын үлгісі бола алатын жобаны жақында Ұлттық арнадан тамашалайды. Әрқайсысы 42 минуттан тұратын 6 сериалы тарихи һәм танымдық телеөнімнің қазір монтаж жұмыстары жүріп жатыр.     

Еліміздің Ақпарат және коммуникация министрі жаңа жобалардың жұмыс барысымен арнайы келіп танысты. Шығармашылық топтың жетекшілерімен пікір алмасты.

Министр мен журналистердің назарына Көлсай өзенінің маңында түсіріліп жатқан картинаның ең қызықты сәттері ұсынылды. Сонымен қатар қатысушыларға шығармашылық топтың бұған дейінгі жұмыстары да көрсетілді.

«Елбасының тікелей тапсырысымен біз отандық телехикаялардың санын ұлғайту бойынша жұмыстарды күшейттік.Бұл картиналар әртүрлі жанрда болады, дегенмен бағасын көрермен береді. Осы жылдың күзінен бастап халық тарапынан оң пікірлер мен жақсы әсер болады деген үміттемін. Отбасына деген махаббат, отбасы құндылықтары, яғни Президенттің «Мәңгілік ел» идеясында айтылған құндылықтардың барлығы басты назарға алынды», – деп ойымен бөлісті Дәурен Абаев.

Туындыда оқиға желісі XVII ғасырдың басында қазақ билері мен сұлтандары өзара тартысып жатқан тұста басталады. Ел басқарар бір адамның болмауы мен халықтың әлсіздігінен қазақ жеріне қалмақтар мен ойраттар тарапынан шабуыл көбейді. Осы қиын-қыстау кезеңдегі батырлардың батылдығы мен ерлігі елдың рухын көтеріп тастайды. Сонымен қатар картинада мемлекет тұтастығының маңызы, өзара тартыстың соңы жақсылыққа алып бармайтындығы сөз болады.  Телехикая осы жылдың соңында көрсетіледі деп жоспарлануда.

 

Барлық жаңалықтар