Өңірлер

Қарағанды облысында 2017-2019 жылдары барлық санаттағы жерлерге тексеріс жүргізіледі

Қарағанды облысында сәуір айында ауылшаруашылығына арналған және ауылшаруашылығында пайдаланылатын жерлерге тексеру жүргізу басталған болатын. Ендігі кезекте - елді мекендердің жерлері. Барлық санаттағы жерлерді толық тексеру 2019 жылы аяқталуы қажет. Бұл туралы өңір әкімдігінде хабарланды.
Қарағанды 28 Тамыз, 18:56

"ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бекіткен Жер қатынастарын реттеу саласындағы міндеттерді іске асыру жөніндегі 2017-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2017-2019 жылдары облыста барлық санаттағы жерлерге тексеру жүргізілмек", - деді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Аян Шалмағанбетов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

2012-2014 жылдары ауылшаруашылығы айналымындағы жерді түгендеу жүргізілді. Ендігі тексеріс барлық санаттағы жердерді түгендеу болғандықтан, бұл жұмыс одан ауқымдырақ болмақ.

Тексерісті жүргізу үшін аймақта жұмысшы топтары құрылды. Тексеріс кесте бойынша іске асырылмақ.

"Қалалар мен аудан әкімдіктері сәуірден қыркүйекке дейін ауыл шаруашылығына арналған және пайдаланылып отырған жерлер бойынша жүйеленген дайындық жұмыстарын жүргізеді. Ал, жыл соңына дейін елді мекендер бойынша дайындық жұмыстарын жүргізу қажет. Тексеріспен облыстық маңыздағы 9 қала, аудандық маңыздағы екі қала, 37 кент және 384 ауылдық елді мекен қамтылады. 2018 жылдың шілдесіне қарай елді мекендер бойынша камеральдық жұмыстар аяқталатын болады",- деп хабарлады Аян Шалмағанбетов.

2018 жылы өндірістік, көлік, байланыс және ауыл шаруашылығынан тыс бағыттағы жерлерді тексеруден өткізу жоспарлануда. 2019 жылы ерекше қорғалатын табиғат аумақтары, орман, су және артық жер қорларына тексеру жүргізуге жүйеленген дайындық жұмыстары жүргізіледі.

Басқарма басшысының айтуынша, басталған тексеріс жұмыстары жер-кадастр мәліметтерін жинақтауға, шаруашылық субьектілері тізімінің өзектілігін нақтылауға көмектесіп отыр. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлердің құрамы мен көлемі анықталды. Қалалар мен аудандардың жедел мәліметтерінің негізінде жердің сипаттамасы жасалды. Облыста ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер 14 млн 260 мың га – бұл 2016 жылмен салыстырғанда 239 мың гектарға артық.

Жер теңгерімінің мәліметі бойынша, Қарағанды облысының аумағында 42 млн 798 мың га жерді құрайды. Сонымен қатар, 7 млн 154 мың гектар жерді Ресей Федерациясы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары жалға алып отыр.





Яндекс.Метрика