М.Құл-Мұxаммед қарағандылық кәсіпорындарының жұмысымен танысты

28 Тамыз, 2017 17:34
Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен елімізде кәсіпкерлікке қолдау көрсету және жаңа заманауи өндіріс ошақтарын құру мақсатында бірқатар игі істер қолға алынуда. Солардың жүзеге асу барысын қадағалап, атқарылған жұмыстармен танысу мақсатында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Қарағанды облысына барды.

Сапар аясында ол көлік-және логистикалық орталық пен ескі автокөліктерді жою зауытында болды.

 Бұл кәсіпорындар Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы және «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламаларының нәтижесінде іске қосылған. Партия Төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына орай нұротандықтар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін бөлінген қаражатың мақсатты әрі тиімді жұмсалуына ұдайы бақылау жүргізеді.

 Тек соңғы 2,5 жылда Индустрияландыру картасы аясында кеншілер өңірінде жалпы сомасы 124,9 млрд. теңге болатын 22 өндірістік нысан іске қосылды. Соның нәтижесінде 6 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Кепілдік беру, субсидиялау, гранттар бөлу сияқты кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жүзеге асыру үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы биыл Қарағанды облысында 1,5 млрд. теңге бөлінген. Соның арқасында 2017 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 77 жобаның субсидияланғаны белгілі болып отыр.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановпен бірге мамандандырылған көлік-логистикалық орталықтың аумағында орналасқан «Ригер» ЖШС-ға арнайы барды. Бұл жерде дәрі-дәрмектер мен медициналық заттар сақталады. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, 17 млн. теңгеге аталған нысанның қажетті инфрақұрылымы жүргізілді. Сондай-ақ, жобаның несие бойынша сыйақы ставкалары субсидияланатын болды.

Кешен осы саладағы жетекші өндірушілер – Австрия мен Ресейден әкелінген заманауи қондырғылармен жабдықталған. Жұмыс үдерісінің тиімділігін арттыру үшін автоматтандырылған басқару жүйесі енгізілген. Бұл медициналық препараттарды жеткізушіден тұстынушыға дейінгі тасымалдау кезеңінде сапасының жоғары деңгейде сақталуына кепілдік береді.

 Жобаның жалпы құны – 1 млрд. 372 млн. теңге. Осы ретте кешеннің басы тұтынушылары Қазақстанның ірі фармацевтикалық компаниялары екенін де атап өткен жөн. Жалпы Қарағанды облысының өңдеу және өндіру өнеркәсібінің көлемі бойынша елімізде алғашқы орында екеніне ешкімнің таласы жоқ. Оған дәлел ретінде Қазақстандағы өңдеу саласының бестен бір бөлігін осы облыс қамтамасыз ететінін айтсақ та жеткілікті. Нақты айтқанда, Қарағанды өңірінде 2017 жылдың қаңтар-шілде айларында өндіріс көлемі 950 млрд. теңгеден асып, 3,6 пайызға көбейген.

Сонымен қатар, Мұхтар Құл-Мұхаммед жаңадан іске қосылған ескірген көліктерді жою зауытында болды. Ол жерде автокөліктермен қатар пайдалануға жарамайтын арнайы және ауылшаруашылық техникалары да жойылады. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан зауыттың Орталық Азияда ешқандай баламасы жоқ. Мұндағы индукциялық балқыту пешінің бір жылдық жобалық қуаты 22740 тоннаға дейін жетеді. Бұл бір жылда 50 мың ескі автомобиль қайта өнделеді деген сөз. Яғни, зауытта автоқалдықтардан пештік отындар, шойын, болат, алюминий, түрлі-түсті металл құймалары және резеңке қиындылары дайындалады.

Аталған жоба негізінен қоршаған ортаны қорғау және халықтың денсаулығын сақтауға, сондай-ақ, қалдықтардың жиналуы салдарынан болатын жағымсыз әсердің алдын алу мен оны азайтуға бағытталған. Одан бөлек, Мұхтар Құл-Мұхаммед кеншілер өңіріндегі тағы бір заманауи кәсіпорын – «Изоплюс Орталық Азия» ЖШС-ға барды. Мұнда құбырларды изоляциялау жұмыстары жүргізіледі. Зауыттың басты ерекшелігі өнім сапасының әлемдік стандарттарға толығымен сай болуында. Сондай-ақ, өндіріс ошағы «жасыл технологияға» негізделген.

Соның нәтижесінде бұл жерден ауаға зиянды қалдықтар таралмайды. Зауыттың өнімдері жылу құбырларынан бастап мұнай құбырларын жүргізуге дейін қолданылады. Кәсіпорынға мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар тұрақты көрсетіліп келеді. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Изоплюс» ЖШС бүгінде 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары өңірде ашылған жаңа кәсіпорындардың маңызы мен тиімділігін жоғары бағалап, Елбасы алдымызға қойған тапсырмалар мен міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек екенін айтты.

«Елбасымыз бүкіл елімізге, әрбір қазақстандыққа қажет жағдайдың бәрін жасады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қабылданды, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бекітілді, оларды жүзеге асыру үшін жыл сайын триллиондаған теңге қаражат бөлінуде. Енді бізге тек білек сыбанып жұмыс істеу ғана қалды. Бүгін мен Қарағанды облысында Елбасы тапсырмаларының табысты орындалғанының куәсі болдым», – деді Қ.Мұхаммед.

 

Барлық жаңалықтар